Бектенов: Дайындықтарың сылбыр!
Жаз әлі басталмай жатып биыл елде 30-ға жуық орман өрті тіркелді.
Өткен жылы тілсіз жаудан қатты зардап шеккен «Семей орманы» аумағы тағы да отқа оранды. Ал Қазгидрометтің болжамына сәйкес, жаз ыстық әрі құрғақшылық болады. Демек, өрт қаупі күшейе түседі.
Осы ретте Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауаптыларға өрт сөндіру көліктерімен және тікұшақтармен су алу үшін су көздері мен тоғандарды дайындауды тапсырды.
Жалпы орман өрттерінің алдын алу дайындығын кей өңірлер сылбыр жүргізіп жатыр. Мәселен, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Абай және Ұлытау облыстарында минералданған жолақтарды жасау енді ғана басталған, қажетті көлемнің үштен біріне әрең жетеді. Арнайы жыртылған қорғаныш жолақтары жоқ елді мекендер дала немесе орман өртінен қорғаусыз қалады.
Ал Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарындағы аумақтар әлі күнге дейін қураған шөп пен қоқыстардан тазартылмаған.
"Дайындық барысы нашар жүріп жатыр" деген Премьер-министр өңір әкімдеріне жұмысты күшейтіп, барлық проблемалық мәселелерді жеке бақылауға алуды міндеттеді.