Қырғызстанда бас қосқан бес елдің президенті ертең маңызды құжатқа қол қоймақ

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуіне қатысу үшін бүгін Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласына ұшып барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысын әуежайдан Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров бастаған ресми тұлғалар күтіп алды. Ал ертең Қырғызстанның туристік бренді Ыстықкөлдің жағасында орналасқан бұл қалаға Орталық Азия мемлекеттерінің бес президенті түгел жиналады. Яғни Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан мемлекеттерінің басшылары аймақтың бүгіні мен болашағы туралы пікір алмасады. Консультативтік кездесу деген еркін форматына қарамастан, ертең мемлекет басшылары аймақтағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар құжаттарға қол қояды деп жоспарланып отыр. Соның бірі әрі бірегейі – « ХХІ ғасырдағы Орталық Азияның дамуы үшін бес мемлекет арасындағы достық, тату-көршілік және ынтымақтастық» туралы құжат болмақ. Құжат тараптардың саудадағы, әскери саладағы, логистика мен мәдениеттегі қарым-қатынастарын жандандыра түспек. Сарапшылар, әдетте мұндай келісімдерге кірісе бермейтін Түркіменстанның аталған құжатқа қол қоятынын жақсылыққа жорып отыр. Бұл елдің жаңа президенті Сердар Бердімұхамедовтың Орталық Азия басшыларымен алғашқы кездесуі де осы Консультативтік кеңес аясында өтпек, сондай-ақ айта өту керек, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров та аймақтағы бес елдің президентін бірдей алғаш рет қарсы алып отыр.

Ерсұлтан Жансейітов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

– Біріншіден, сенім тудыру керек. Бір-бірімен отырып, ашық сөйлесіп, сол форматты туғызу керек. Содан соң белгілі болады. Ол экономикалық интеграцияғы апара ма, басқа интеграцияға апара ма ол кейін белгілі болады. Біріншіден, фундамент керек. Осы формат Консультативтік кездесулер сенім форматын көтереді.