Қазақ-араб қатынасында қандай өзгеріс болады?

Қасым-Жомарт Тоқаев Джиддада іскер топ өкілдерімен өткен инвестициялық жиынға қатысты. Енді қазақ пен араб ғарыш кеңістігін бірігіп зерттеуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық база бар. Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тарабы осы сала бойынша Сауд Арабиясының компанияларымен өзара байланыс орнатуға дайын екенін айтты.

Бұдан бөлек, біздің ел Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты жеткізіп тұра алады. Мұны Президент нақтылады. Жалпы Қазақстан егістік көлемі бойынша әлемде екінші, жайылымдық жер жөнінен бесінші орында тұр. Бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Туризм саласында да ықпалдастық орнатуға жол ашылады. Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы кәсіпкерлеріне Қазақстанның туристік жобаларын қарастыруды ұсынды.

Әлемде вольфрам қоры бойынша 1-ші, ал, уран мен хром бойынша 2-орын алатын біздің елдің табиғи байлығын барлау жұмыстарына арабтар да келмек. Президент саудтарды осы салаға да инвестиция салуға шақырды.

«Барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз» деді. Жалпы қазақ пен арабтың іскер тобы бүгінгі инвестициялық жиын аясында 13 құжатқа қол қойды.