Күзде президент сайлауы өтеді

Күздің алғашқы күні. Парламент. Жаз бойы сілтідей тынып тұрған мұның ішінде бүгін тағы қым-қуыт тіршілік басталды. Ала жаздай өңірлерде болған депутаттар Парламентке оралды. Жетінші шақырылымның үшінші сессиясы Президент Жолдауымен басталды.

Жалпы бізде Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуі керек еді. Бірақ, уақыт жаңа талап қойып отыр. Реформалар басталды. Жаңа стратегия құрылды. Соған сәйкес мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғырту қажет болып тұр. Сайлау – сол өзгерістерге бастайды. Жаңа билік жасақталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын.

ПРЕЗИДЕНТ БІР РЕТ ҚАНА САЙЛАНА АЛАДЫ

Мемлекет басшысының биліктегі мерзімі де өзгереді. 7 жылға тек бір мерзімге ғана сайлана алады. Додаға қайта түсуге тыйым салынады. Бұл жаңа саяси дәуірдің басталғаны.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді.

КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ МӘЖІЛІС ПЕН МӘСЛИХАТ САЙЛАУЫ ӨТЕДІ

Биыл Президент сайланса, келесі жылдың бірінші жартысында Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет қайта жасақталады.  Сөйтіп Үкімет құрамына сайлауда басым дауыс жинаған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кірмек. Депутат Айдос Сарым мұндай өзгеріс - Үкіметтен шенеуніктерді ығыстырады деген пайымда. 

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ ӨСЕДІ

Елде ең төменгі жалақы 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өседі. Бұл 1 миллион 800 мың адамның табысына тікелей әсер етеді. Хош. Зейнетақы жүйесін де өзгеріс күтіп тұр.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ҚЫСҚАРАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз.    Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді.

Әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалады. Бүгінгі күннің басты  жаңалығының бірі де осы. Мұндай мәлімдеме көпті қуантқаны анық. Себебі, зейнет жасын қысқарту талайдан бері айтылып келген.

БАЛА ТӨЛЕМАҚЫСЫНЫҢ МЕРЗІМІ ҰЗАРАДЫ

Жолдаудың тағы бір жаңалығы - келесі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады. Ал, бұл қазір бір-ақ жылмен шектеліп отыр.

ЖАСТАРҒА ЖЕҢІЛДІКПЕН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ

Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесі құрылады. 2023-ші жылдан бастап, отбасының цифрлық картасы және әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдер енгізіледі. Келесі жылы 100 мың жасқа  жұмыс беріліп, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.

ЖАТАҚХАНА МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Жоғары оқу орнын айтқанда жатақхананы айналып өту мүмкін емес. Бұл бітпей келе жатқан жыр. Кәнігі проблема боп тұр. Мемлекет басшысы бүгін мәселені шешу жолын көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн.

Жолдау бір сағатқа созылды. Бұл Президенттің биылдыққа арнаған екінші Жолдауы. Бес тараудан тұрады. Жүктелген жауапкершіліктің жүгі ауыр.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Серік Қоңырбаев