Рим Папасының Қазақстанға сапарына дайындығы қалай өтуде

Елордаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Рим Папасы Франциск те келетіні белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пантифик Ватикандағы әулие Петр алаңында өткізген дәстүрлі жексенбілік мінәжатынан кейін діндарларға алдағы сапары туралы баяндаған болатын. Еуропадағы біздің тілшіміз де алғаш рет Қасиетті Тақ тілшілері пулы құрамында Папамен бірге келіп, ақпарат таратады. Енді сол тілшіміз Жанат Эрнсттен Рим Папасы жексенбілік мінәжатында не айтқанын білейік.

Жанат Эрнст, тілші:

Бүгін Ватиканда Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының 7-съезі сапарына соңғы дайындық шаралары өтіп жатыр. Жексенбі күні сағат түскі он екіде Әулие Петр алаңында дәстүрлі мінәжат өтті. Рим Папасы Франциск оны алаңда жиналған көптеген діндармен бірге өз сарайындағы терезесінен өткізеді. Бұл жолы понтифик жиналғандарға Қазақстанға сапарының мақсаттары туралы айтып берді. Сол сөзінен үзіндісіні тыңдап көрейік.

Рим Папасы Франциск, католик шіркеуінің басшысы:

– 13 қыркүйекте Қазақстанға үш күндік сапарға аттанып, онда Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезіне қатысамын. Көптеген діни өкілдерімен кездесіп, бауырлас диалог өткізуге мүмкіндігіміз болады. Ниетіміз ортақ бүкіл әлемге қажет бейбітшілікке жету. Қазірдің өзінде басқосуға қатысушыларға және осы ұлы елдің билігі, христиан қауымдары мен барлық тұрғындарына қошемет білдіргім келеді. Сапарымды дайындау барысында өткізген еңбектеріңізге алғыс айтамын. Барлығыңды диалог пен бейбітшілікке арналған осы сапарымды мінәжатпен қолдауға шақырамын.

Жанат Эрнст, тілші:

– Жоспар бойынша ертең кешке Нұр-Сұлтан әуежайындағы ресми қарсы алу салтанатынан кейін Рим Папасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен, ал кейін азаматтық қауым және дипкорпус өкілдерімен кездеседі. 14 қыркүйекте ол Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының VII съезінің ашылу салтанаты мен жұмысына қатысады. Бұл күні понтифик бірқатар діни басшыларымен жүздесіп, католиктер үшін Қасиетті месса өткізеді. Съезд аяқталғаннан кейін Рим Папасы қатысушыларға арнайы үндеу жолдайды деп күтілуде. Еске салып кетсек, Франциск – елімізге аяқ аттайтын екінші Рим Папасы. 2001 жылы Иоанн Павел Екінші Қазақстанға келген болатын. Жалпы Қазақстан Рим Папасын қабылдаған Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Әзірше сапар бағдарламасы жөнінде белгілі ақпарат осы. Алдағы күндері бұл сапары жөнінде барлық маңызды ақпаратты жариялап тұрамыз.