Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің жаһан үшін маңызы зор – сарапшылар

Қазақстан – түрлі діндер мен мәдениеттер түйіскен жер. Бүгінде де оның астанасы әртүрлі діни сенім ұстанатын адамдардың ортақ пікірге жеткен орталыққа айналуы мүмкін. Қазан және Татарстан митрополиті Кирилл тілшімізге берген сұхбатында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VII съезі жаһанда геосаяси ахуал ушығып тұрған кезде өтеді. Қазақстанның халықаралық жанжалдарды реттеуге арағайын ретінде қатысқан тәжірибесі бар.

Кирилл, Қазан және Татарстан митрополиті:

– Бейбіт өмірді сақтауға күш біріктіру маңызды. Қазір қантөгіс болып жатқанын көріп тұрмыз, бұл үлкен қасірет. Құдайдан жерімізге, халқымызға бейбітшілік тілеп отырмыз. Жанайқайымыз Жаратқанға жетіп, қантөгіс тоқтайды деген үміттеміз. Құдай бейбітшілік пен аман-саулықта тұру үшін бізге өмір сыйлады. Қазақстан осындай өмірге жету үшін адамдар жақындасатын жерге айналады деген үміттеміз.