Үшінші мегаполис мүмкіндіктері ұшан-теңіз – Шымкент

Шымкент Қазақстандағы төрт хаб-қаланың біріне айналуға тиіс. Бұл орайда атқарылатын жұмыстарды бүгін Президент өзі нақтылап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түске дейін киелі Түркістан жерінде болған Президент түс ауа Шымкент қаласына барып, жергілікті жұртшылықпен кездесті. Президенттің пайымынша, Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Шымкент бұл күндері үшінші мегаполис деген дәрежеге әбден лайық қала атанған. Шаһардың шекарасы ұлғайды, бұрын қала төрт шағын ауданға бөлінуші еді, жақында тағы бесіншісі ашылмақ, оған тұрғындар «Тұран» деген атау бермек. Оңтүстік онсыз да демографиялық тұрғыдан тұрақты өңір, қазір бір Шымкент шаһарының халқы 1 млн 200 мыңға жуықтап қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Қала бюджеті 4 есе өсті. Қаладағы өнеркәсіп өнімі 65% артты. Аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды. Шаһарды еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы Шымкенттің даму қарқыны өте жақсы. Алда бұдан да биік мақсаттар, маңызды міндеттер бар.

Биік мақсат пен маңызды міндеттің бірі – өндірісті дамыту. Шымкент елдегі үш мұнай зауытының бірі орналасқан қала. Бірақ, содан шығатын қалдықты қайта өңдеу ісі кенжелеп тұр. Зауыттың жанынан сапалы өнім шығару қажет деді Тоқаев. Тағы бір міндет – Индустриялық аймақтарды жетілдіру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы орайда, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Көлік-логистика аймағын» кеңейту – маңызды міндеттердің бірі. Қазір қалада аумағы 90 мың шаршы метр болатын 6 қойма бар. Шымкент өте қолайлы жерде орналасқан. Мұны тиімді пайдалансақ, қаланы оңтүстік өңірдегі ірі хабқа айналдыруға болады. Әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, осы мәселені пысықтауды тапсырамын.

Шымкент жұрты шаруаға шымыр, кәсіпке мығым. Халқы еңбекқорлығымен елге танымал, оны президент те біледі. Қалада шағын және орта бизнестің экономикадағы үлеcі 40%. Осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл – жақсы көрсеткіш деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы оңтүстік халқы қашанда еңбекқорлығымен танымал болған. Бұл қасиеттеріңіз – көпшілікке үлгі-өнеге. Халқымыз «Еңбек – ырыстың қазығы» деген. Мен адал еңбекпен елімізді дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін Түркістан жұртшылығымен кездесуде айтқаным бар. Тағы да қайталап айтқым келеді. Біз бәріміз бір ел болып жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек. Біз құрып жатқан жаңа қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі Отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Азаматтарымыз алдымен отбасына, балаларына қамқор болуы керек. Оларға еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет. Ұлы Абай «Толық адам» деген ұғымды қазақ қоғамына ұсынған еді. Толық адам бұл – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекшіл адам деген сөз.

Шымкент пен Ташкент арасы таяқ тастам, тиіп тұр. Ал Ташкент агломерациясы Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі болып саналады. Шымкент те соған сай болуға тиіс. Президент, қаланың бас жоспарын қайта қарауды тапсырды. Мерзім – келер жылдың ортасы. Баспана құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу, ал бағасын өсірмеу. Сапалы жол салу. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылған, демек қырық бірінің де газ, су, электр желісі секілді проблемаларын шешу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан екі елді-мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді мекенде сапалы электр жүйесі жоқ.  Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ, тағы 8 елді-мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Биыл – балалар жылы. Осы күндері Шымкентте Оқушылар сарайы және Балалар шығармашылық орталығы салынып жатыр. Бірақ, қаланың демографиялық өсіміне оның да жетпейтін түрі бар. Жергілікті әкімдікке Президент 2025 жылға дейін тағы бір оқушылар сарайын салуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шымкент бала туу көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр. Мұнда заманауи стандартқа сай перзентхана қажет. Осыған орай, әкімдік пен Үкіметке перзентхана салу жұмысын жеделдетуді тапсырамын. Оныншы. Халықты жұмыспен қамту. Бұл – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі. Қазір Шымкент тұрғындарының үштен бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Биыл кемінде 24 мың адамды жұмысқа орналастыру керек.

Осылайша Президент Шымкент шаһарына дамытатын басты он міндетті атап берді. Оны орындау енді жергілікті билік пен халықтың белсенділігіне байланысты. Жиі келе бермейтін мемлекет басшысын жиналған жұрт ұйым тыңдады. Осы ретті пайдаланып Қасым-Жомарт Тоқаев та әлемдегі, іргедегі текетірестер туралы айтты. «Бізге сыртқы жау да, ішкі жау да қажет емес», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір қандай алмағайып заманға тап келгенімізді көріп отырсыздар. Көршілес елдерде қарулы қақтығыстар болып жатыр. Алпауыт мемлекеттердің санкциялық текетіресі жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. Осындай күрделі кезеңде халықтың  ауызбіршілігі айрықша маңызды. Берекенің көзі – ынтымақта. Бұл сөздің астарына үңілсек, береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ  дегеніміз – саясат. Ел тыныштығын сақтай алсақ қана, өсіп-өркендей аламыз. Бізге сыртқы жау да, ішкі дау да қажет емес. Сондықтан сыртқы саясатта бейтарап ұстанымды сақтап отырмыз. Бұл ұстаным халықаралық қоғамдастықта жоғары бағаланады және еліміздің түпкі мүддесіне сай келеді.

 

Елдікті нығайту үшін отаншылдық қажет. Осылай деді де президент залға көз жүгіртті. Бұл залда үш жігіт отыр, олар Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намаз.

Былтыр стадионда футбол ойыны болып жатқанда спорт кешенінің шатыры тудың тұғырын басып қалғаны елдің есінде. Сол кезде осы үш жігіт, шатырдың астында қалған туды алып шықты. Шынайы отаншылдық осындай әрекеттен көрінеді, деген Президент бүгін оларға алғыс хат табыс етті.

Әбілқайыр Дәулетов, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Негізі ол жерде екі бала астында қалып кетті ма деп барғанбыз. Барсақ ешкім жоқ екен. Қарасақ еліміздің көк туы жерде жатыр екен. Қазақтың туы ешқашан жерде жатпаған. Бұл жерде ешқандай ой, да қорқыныш та болған жоқ.

Кез келген өңірдің кез келген табысы әуелі сонда тұратын азаматтардың арқасы. Сондықтан, бүгін Президент бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады.

Бахтияр Тайжанов, «Парасат» орденінің иегері:

– Cіздің жолдауда айтқан мынау ұлттық табыстың қақ жартысын жас ұрпақтың есебіне жазу туралы шешіміңізді бүкіл ел қолдады. Өйткені бұл бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе. Бұрындары да ел арасында. Күңкіл сөз болатын. Мынау Қазақстан байтақ ел, асты бай, үсті қазынаға толы. Бірақ осы осы құм үстіне қала салған араб елдері секілді неге дивидент алмаймыз деген болаты. Сол күңкіл сөзге сіз нүкте қойдыңыз.

Ал бұл Шымкент мұнай өңдеу зауыты. 2018 жылы толық модернизацияланды. Яғни, қазір мұндағы мұнай өңдейтін құрылғылардың барлығы жаңа. Зауыт ел ішіндегі жанар-жағар майға сұраныстың 40% қамтамасыз етіп отыр. Биыл бұл зауыт өз тарихында болмаған көрсеткішке жетіп, мұнай өңдеу бойынша рекорд орнаттық деп отыр.

Дәулет Есімханов, Шымкент мұнай өңдеу зауытының бөлім орынбасары:

– Биылдыққа айтатын болсақ мысалы тоғыз айдың ішінде бензинді екі мың тоннаға, дизельді біз 50 мың тоннадан асырдық. Бұл өте керемет жағдай. Біздің өндірісімізде болмаған десек те болады. Және де жылдың соңына таман біз жалпы мұнайды өңдеу көлемі бойынша 6 млн 140 мың тоннаға жеткізу +мақсаты алдымызда тұр және үш мұнай өңдеу зауыты жалпы осы Қазақстанда пайда болғалы бері ең үлкен көрсеткіш болып табылады.

Президент бүгін өз баяндамасында өңірде өндірісті дамыту қажет деп, ол үшін осы мұнай өңдеу зауытында, мұнай қалдықтарын қайта өңдеп, сапалы тауар шығаруды жүктеген. Оған мұнда мүмкіндік бар. Жалпы, бүгін үшінші мегаполистің үлкен мүмкіндіктері туралы көп айтылды. Ендігі міндет – сол мүмкіндіктерді мүлт жібермеу.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев