ТМД төңірегінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ әдістерін әзірлеу қажет – Тоқаев

Бүгін Астанада тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдері басшыларының басқосуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай бастама көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі соңғы уақытта климаттың күрт өзгеруі қатты байқалуда. Сондықтан су ресурстарын өзара тиімді пайдалану жайын шешу қажет. Ел астанасы алқалы жиындар өткізуін жалғастыруда. Бүгін ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Бұл пандемиядан кейін офлайн форматтағы алғашқы жиын. Сондықтан да болар, талқыланатын мәселе көп болды. Әуелі басшылар шағын құрамда бас қосып, маңызды мәселелерді қарастырды. Соның бірі – климаттың өзгеруі. Осыған мән берген Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД төңірегінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің  ортақ әдістерін әзірлейтін уақыт келгенін атады. Өйткені бұл мәселе достастық кеңістігінің барлық елдерінде су ресурстарымен қамтамасыз ету проблемасын шиеленістіре түсуі әбден мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз бұл мәселемен түрлі халықаралық формат аясында айналысып, екіжақты негізде өзара тиімді шешімдерді қарастырамыз. Сонымен бірге Достастықтың бүкіл кеңістігінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ әдістерін әзірлейтін уақыт келді. ТМД Атқарушы комитетіне трансшекаралық су ресурстарын өзара тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсынымдар беруді ұсынамын.

ТМД басшылары шағын құрамда талқылаған сұрақтарын кеңейтілген отырыста бекітіп, құжаттарға қол қойды. Басымдық қауіпсіздік, өзара сауда-саттыққа берілді. Ұйымның атқарушы комитетінде де өзгеріс болды. 2007 жылдан бері төраға қызметін атқарып келе жатқан Сергей Лебедевдің мерзімі ұзартылып, лауазымының да атауы өзгертілді. Отырыс барысында Лукашенко сүйікті ісін тапқандай Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз ескертуін де айтты.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

Касым-Жомарт Кемелевич, а че вы не объявили что почти генсека, почти генсека избрали. А вы не объявили.

Беларусь басшысының ерігіп отырғандығын меңзеген Тоқаев Лукашенконы сөзбен қағытты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Александр Григорьевич, у вас теперь любимое занятие критиковать председателя. Қажетті құжаттарға қол қойылып жатқанда біз ТМД Атқарушы хатшысы лауазымын ТМД Бас хатшысы лауазымына өзгерту туралы мәселені шағын форматта талқылағанымызды жариялағым келеді. Аталған мәселеге қатысты мен осындай ұсыныс жасадым. Себебі кеше біз Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің Атқарушы хатшысы лауазымын Бас хатшы лауазымына өзгерту туралы шешім қабылдадық. Бұған дейін Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының Атқарушы хатшысы да Бас хатшы лауазымына өзгертілді. Негізінде, бұл атқарушы орган лауазымының мәртебесін арттыру үшін маңызды.

Жалпы ТМД басшыларының осы жолға жиынында да дәстүрге сай мәдени гуманитарлық сала жайы көп талқыланды. Достастық кеңістігінде әр жыл белгілі бір тақырыпқа арналып отыратыны белгілі.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-сыртқы істер министрі:

– Келер 2024 жыл ТМД төңірегінде – волонтерлар қозғалысының, 2025 жыл – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен нацизмге қарсы күрестегі бірлік пен бейбітшілік, ал 2026 жыл – Денсаулық сақтау жылы деп белгілеу шешілді. Тағы Ресей елінің ұсынысымен 2023 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып Санкт-Петербург қаласы жарияланды.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығына енді келер жылдан бастап Қырғызстан Республикасы төрағалық етеді. Ал Қазақстан мен Ресей Федерациясы теңтөраға болады. Кеңейтілген құрамдағы отырыста басшылар осындай шешім қабылдады. Ендігі кеңес 2023 жылдың 13 қазанында Бішкек қаласында өтеді деп жоспарланған.

Авторы: Риат Шони