Астанада саяси реформалар талқыланды

Келер жылдан бастап азаматтардың құқығын қорғаудың жаңа құқықтық және институционалдық механизмі іске асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Конституциялық реформаны жүзеге асыруға бағытталған тиісті заң жобалары қазір Сенаттың қарауында. Бұл туралы «Қазақстанның саяси жаңғыруы: бағыт және бағдар» атты сарапшылар форумында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин айтты. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған жиынға Мәжіліс депутаттары, белгілі саясаттанушылар, әлеуметтік ғылым бағытындағы сарапшылар және университет оқытушылары қатысты. Мемлекеттік кеңесші қазіргі сайлау циклдары саяси реформаларды іске қосудың және барлық негізгі саяси институттарды қайта жаңғыртудың тетігі екенін атап өтті. Сарапшылардың пайымдауынша, Президенттің саяси реформалар бағытындағы кешенді бағдарламасы елдегі түбегейлі өзгерістерге әкеледі. Сондықтан билік институттары «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» үлгісімен құрылуы керек деген пікірді қолдайды.

Алуа Жолдыбалина, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

– Саяси институттардың трансформациясы, бұл мысалы, біз биыл референдум өткіздік қой, Конституцияға өзгерістер енгіздік. Ол да саяси трансформацияның бір бөлігі ғана. Президент атап өтті ғой, бізде осымен демократия тоқтап қалмайды. Әлі алда талай саяси реформалар жасаймыз. Не себепті? Себебі қазір біз ауыл әкімдерін сайлап жатырмыз ба? 2023-2024-тен бастап аудан әкімдерін сайлаймыз. Одан кейін біз қалаға көшуіміз мүмкін. Одан кейін маслихаттың деңгейінде өзгерістер болады. Осының барлығы саяси трансформацияның негізін құрайды.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мәжіліске бір мандатты округтен сайланған тәуелсіз депутаттар келеді. Ал енді аймақтардағы жағдайларға қарайтын болсақ, аудандық деңгейдегі депутаттардың барлығы бір мандатты округтен тікелей сайланады. Облыстық деңгейдегі депутаттар аралас тікелей сайланады және партиялық тізіммен сайланады. Бұның барлығы біздің конституциямыздағы ең негізгі принцип адамның сайлауға және сайлануға құқын жан-жақты, іс жүзінде асыруға үлкен мүмкіндік береді.