Жетісу облысына жұмыс сапарымен барған Қ. Тоқаев өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртуды міндеттеді

Жетісу өңірінде газ тұрғындардың 10% ғана қолжетімді. Көгілдір отынмен облыс орталығы қамтамасыз етілген, деп хабарлайды «Хабар 24». Енді 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейінгі барлық елді мекен газбен толық қамтылуға тиіс. Президент бүгін осындай тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жетісу аймағында жүр. Жергілікті жұртшылықпен кездескен Мемлекет басшысы өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртуды да міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Жетісу аймағының транзиттік әлеуеті өте жоғары. Өңірдің бұл әлеуетін толық пайдалану үшін көлік инфрақұрылымын дамыту керек. Алдымен апатты жағдайда тұрған 15 көпірді жақын арада ретке келтіру қажет. Жолдарды күтіп ұстау және жөндеу мәселесі құзырлы мемлекеттік органдардың айрықша бақылауында болуға тиіс. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жолдары салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін жолдың асфальтты қабатын салып бітіру қажет. Құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы толық пайдалануға беруді тапсырамын.

Қант өндірісі ұлғаяды

Жазда қант қат болғаны белгілі. Елде 4 қант зауытының екеуі Жетісуда орналасқан. Алайда Ақсу зауыты жұмыс істемей тұр. Кәсіпорынды іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 млрд теңге жұмсалған. Бірақ серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмайды. Президент жиында бұл мәселені де қатаң сынады. «Қант бірден қымбаттап, тапшылық туындады. «Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығының кесірінен болды», – деді. Сөйтіп, проблеманы шешу жолын көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Оған 500 млрд теңгеге жуық инвестиция салу көзделіп отыр. Алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7%-тен 43% дейін өседі. Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған. Жалпы біз отандық агро секторды қолдау жұмыстарын одан әрі жалғастыра береміз. Соның арқасында Жетісу өңірі еліміздегі қант өндіретін орталықтың біріне айналады.

 Қ. Тоқаев: Жерді әділ бөліп беру керек

 Жетісу жұртының 90% сумен қамтамасыз етілген. Алайда құбырлардың едәуір бөлігі әбден тозған. 1 мың 200 шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы: «Өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту – әкімдіктің басты міндетінің бірі», – деді. Бұдан бөлек жиында Президент өңірдің транзиттік әлеуетіне де тоқталды. Халықаралық көлік-логистика компанияларын тарту аса маңызды екенін атап өтті. Тағы бір мәселе – жер. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекетке қайтарылған жерді тұрғындарға әділ бөліп беру керек», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Қайтарылған жер жергілікті шаруалардың арасында әділ бөлініп, берілуге тиіс. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам болады. Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам игерілмей жатқан жер анықталды. Соның жартысы мемлекет меншігіне қайтарылды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет.