Н.Әуесбаев Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарымен кездесті

Президентікке кандидат Нұрлан Әуесбаев пен оның жақтастары Ақтөбе облысына барды. Өңірдегі шалғай ауылдардың халқымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Оппозициялық партия өкілі әуелі Есет батырдың туған жері Алға ауданы Бестамақ елді мекенінің тұрғындарымен жолықты. Сосын сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарына тоқталып, ауыл халқының сұрақтарына жауап берді. «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы туралы да аз-кем мәлімет айтылды. 

Мейрамбек Камалов, Н. Әуесбаевтың сенімді өкілі:

 - Осы жиналысқа 80 шақты ауыл азаматтары қатысты, сайлаушылар қатысты. Нұрлан Сатыбалдыұлы өзінің үміткер ретінде сайлауалды бағдарламасымен сайлаушылармен таныстырды. Жалпы, кездесу өз деңгейінде өтті. Сайлаушылардың толық дерлік сұрақтарына жауап берілді.

Мұнан соң Нұрлан Әуесбаев әйгілі батыр Есет Көкіұлының кесенесіне барып, рухына тағзым етті, құран бағыштады. Кандидат ертең Ақтөбе қаласының тұрғындарымен кездеседі. Жалпы сайлауалды бағдарламасы бойынша 50-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.