ТМД байқаушылары Қазақстандағы жұмысын бастады

ТМД байқаушылары миссиясы Қазақстандағы сайлау науқанының мониторингін бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының брифингінде мәлімдегендей, миссия құрамына ТМД-ның барлық елдерінің, ТМД Парламенттік Ассамблеясының өкілдері, елордада аккредиттелген дипломаттар, яғни барлығы 100-ден астам адам, оның ішінде  ұзақ мерзімді 10 байқаушы кіреді. Соңғылары да аккредитациядан өтті. Олар президенттік сайлау қарсаңында Қазақстанға келіп, өңірлерге барады. Байқаушылар тобы басшыларының қатысуымен Үйлестіру кеңесі құрылады. Олардың жұмысының қорытындысы 21 қарашада жарияланады.

Ильхом Нематов, ТМД атқарушы комитеті төрағасының орынбасары:

– ТМД бақылаушылар миссиясы алдағы президенттік сайлау науқанына мониторинг жүргізуге кірісті. Бүгін біз мұнда штабты ашамыз, ол негізінен бақылаушылар миссиясының ұйымдастырушылық мәселелерін шешумен айналысады. Әрине ол өңірлер бойынша Астана қаласы бойынша қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді бақылаушыларды бөлумен айналысатын болады. Ең бастысы Қазақстанның сайлау заңнамасын бағалаумен айналысады.