ТМД елдері арасында медицина саласында ортақ келісім жасалды

Экспо маңындағы конгресс орталығы бүгін үкімет басшыларын қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғыз премьерлері мен Армения вице-премьері, Түрікменстан Министрлер кабинеті басшысының орынбасары және ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы пандемиядан бері алғаш рет бас қосып отыр. Әуелі суретке түсті. Сосын тараптар шағын құрамда кездесу өткізді. Кеңес отырысын ашқан қазақ үкіметінің басшысы Әлихан Смайылов «бізге ТМД арасындағы байланысты жандандыру үшін жаңа жолдар іздеу керек»,- деді.

Жиында, әсіресе, ТМД арасында еркін сауда жасау, экономикалық байланысты жандандыру, инвестиция тарту ісіне басымдық берілді. Тек тауар сату емес, ТМД елдері мәдени-гуманитарлық және денсаулық сақтау саласында да байланысты жандандырмақ. Бүгін келісім жасалды.

ТМД АРАСЫНДА ТРАНЗИТТІК ӘЛЕУЕТ АРТАДЫ

ТМД үлкен нарық. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалана білу керек. Әлемде геосаяси жағдай ушыққанда жаңа жолдар іздеп, алыс-берісті ұлғайту үшін транзиттік әлеуетті арттырған ләзім. Тараптар бұл жөнінде де уағдаласты.

ТӨРАҒАЛЫҚҚА БАҒА БЕРІЛДІ

ТМД-ға биыл Қазақстан төрағалық етті. Жиында Әлихан Смайылов осы төрағалық кезінде атқарылған жұмыстарға қорытынды жасады. «Қазақстан барлық жоспарланған іс-шараны толық көлемде атқарды» деді.

Әлихан Смайылов,  ҚР Премьер-Министрі: 

- Біздің өзара қарым-қатынасымыз әлемдік экономикадағы қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік беріп, тиімді әріптестікті дамытуға ықпал етеді. Ұйым аясында қабылданған шаралардың арқасында білім беру, медициналық-әлеуметтік және азаматтық-құқықтық сипаттағы көптеген мәселе оң шешімін тапты. Қазақстанның төрағалығы аясында барлық басым бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету бойынша нақты жұмыс жүргізілді. Сауда-экономикалық салаға ерекше назар аударылды. Бүгін біз оның нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Яғни мемлекеттеріміздің экономикалары біртіндеп қалпына келіп, іскерлік белсенділік арта түсті.

«Қазақстан – ТМД-ға жоғары деңгейде төрағалық етті». Мұны Сергей Лебедев айтты. ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы «биыл көп жұмыс атқарылды» деді. 

Сергей Лебедев,  ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы:

Биыл Қазақстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы төрағалығы жемісті болғанын атап өткен жөн. Қонақжай қазақ жерінде және осы елден тыс аумақтарда да көптеген айтулы іс-шара өтті. Бұл тұрғыда Қазақстан үнемі ТМД аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың бастамашысы және локомотиві бола білді. Көп бастама көтеріліп, олар сәтті жүзеге асты.

ТМД-ҒА ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТЕДІ

Келесі жылы ТМД-ға Қырғыз елі төрағалық етеді. Ал, Қазақстан мен Ресей теңтөраға болады. ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі 2023 жылдың қазанында Бішкекте өтеді.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы