Қазақ-корей байланысы нығая түсті: делегация Қызылорда қаласына барды

Делегация мүшелері жергілікті корей асханасының көрмесімен танысқаннан кейін үстел басына жайғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Конференция Кореяда Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты бір минут үнсіздікпен басталды.

Биыл Қазақтан мен Кореяның дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл болды. Екі ел арасында байланыстар одан әрі нығая бермек. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Сеулдің Ғылым және технология университетімен серіктестік құруға ниет білдірген. Мұнан бөлек, ауылшаруашылығы саласы бойынша да бірлескен жоспарлар бар.  

У Вон Сик, делегация жетекшісі:

- Біз Қызылорда облысының басшылығына Кореяның Чолла провинциясы губернаторының шақыруын ала келдік. Өйткені бұл екі өңір де ауыл шаруашылығымен айналысады. Сондықтан аймақаралық байланыстардың болашағы зор деп есептейміз.

Делегацияның Сыр өңіріне сапарының басты мақсатының бірі – генерал Хон Бом Доны қайта жерлеуге қатысты Қазақстандағы корей қауымдастығына есеп беру,-деді Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы Юрий Шин.

Юрий Шин, Қазақстан Корейлері қауымдастығының төрағасы:

- Делегация Қызылорда қаласындағы Хон Бом До мемориялын жаңғыртуға қатысты жоспарларын таныстырды. Қызылорда – кәрістер  үшін тарихи маңызы бөлек өңір. Өйткені олардың ата-бабалары осы жерде терең тамыр жайған.    

Меймандар сапар соңында жергілікті корей этносының әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалады.  

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин