Шымкентте сайлауға дайындық пысықталды

Шымкентте ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу үшін 311 дауыс беру учаскесі ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймаққа жұмыс сапарымен арнайы барған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы саяси науқанды ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Жауаптыларымен кездесу өткізген Мұхтар Ерман маңызды шараны өткізу жұмыстарын пысықтады. Шымкентте сайлаушылар саны 634 мыңнан асты. Бұған дейінгі өткізілген науқаннан 3600 адамға көп. Дауыс берушілерді ақпараттандыру үшін алдағы аптада түрлі мессенджерлер мен телеграмм боттары өз жұмыстарын бастайды. Сондай-ақ тұрғындардың сұрақтарына жауап беру үшін колл-орталықтары іске қосылады. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын толық қамтамасыз ету үшін 293 учаске түрлі құрылғылармен жабдықталады. Оларды тегін тасымалдау жұмыстары жергілікті атқарушы билікке жүктелген. 

Мұхтар Ерман, ҚР Орталық сайлау комиссиясының  хатшысы:

– Әрбір комиссияның мүшесін арнайы дайындық оқудан өткізіп жатырмыз. Екіншіден, әрине, біздің назарымызда мүгедектігі бар азаматтардың жағдайын ескеруіміз керек. Сурдо аударма, көзі көрмейтін кісілердің қолына прайл әріппен басылған трафареттерді дайындадық.