Тоқаевты қолдайтын халықтық коалиция байқаушыларды оқытып жатыр

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын халықтық коалиция байқаушыларды оқытуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайлау күні дауыс беру процесінің адал әрі ашық өтуін коалицияның 20 мың байқаушысы қадағалайды. Олар қазір Саяси менеджмент академиясы әзірлеген арнайы курстан өтіп жатыр. Академия мамандары байқаушылардың құқықтары мен міндеттері егжей-тегжейлі сипатталған әдістемелік құрал әзірледі. Интерактивті форматта ұйымдастырылған оқыту процесі тәжірибеге негізделген.

Айта кету керек, биыл 3-ші қарашадан бастап тренерлер барлық облыс пен ауданға барып, Халықтық коалицияның байқаушыларын сайлау күнгі жұмысқа дайындау, оқыту процесіне кірісті. Бүгінге дейін елдің 20 өңірінде 15 мыңнан астам байқаушы оқытылды. Жалпы 18 қарашаға дейін 20 мың байқаушыны даярлау жоспарланып отыр. Дауыс беру күні Халықтық коалицияның байқаушылары елдің барлық сайлау учаскесінде жұмыс істейді.