ШҚО-да жұрт үшін алдағы сайлау бұрынғыдан ерекше болмақ

Өйткені облыс құрамынан Абай облысы бөлініп шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрынғыға қарағанда сайлау учаскелерінің де, сайлаушылардың да саны өзгерді. Бүгінде өлкеде 496 мың 741 сайлаушы тіркелген. 537 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Жаңадан құрылған Самар, Тарбағатай аудандарында да дауыс беруі үшін толық жағдай қарастырылған. Комиссия мүшелері қазір сайлаушылар тізімін соңғы рет пысықтап, есепке алу немесе шығару талондарын беріп жатыр. Сонымен қатар тұрғындарға сайлауға қатысу туралы шақыртулар жіберілуде.

Ерсайын Нәбиев, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Учаскелік комиссия мүшелері тұрғындарды ақпараттандыру үшін ауқымды жұмыс атқарды. Жарнамалық баннерлер ілініп,  бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру тараттық. Осы жүйелі жұмыстар сайлаудың сәтті өтіп, дауыс берушілер белсенділігін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймыз.