Мемлекет басшысы төрт өңірдің әкімін қабылдады

Қасым Жомарт Тоқаевтың қабылдауында әуелі Батыс Қазақстан облысының әкімі болды.

Жаңадан тағайындалған Нариман Төреғалиев Президентке өңірдің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады. Сосын инвестициялық жобалардың және жұмыспен қамту жол картасының жүзеге асу барысын айтты. Осыдан соң Президентке кеше ғана тағайындалған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кірді. Ол Екібастұздағы жағдай бойынша есеп берді. Әкімнің айтуынша, Екібастұз қаласының жылу жүйесін қалпына келтіру жұмыстары 15 желтоқсанға дейін аяқталады. Бұдан кейін Мемлекет басшысының қабылдауында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров болды. Ол да бірнеше күн бұрын тағайындалған. Сапаров өңірді дамыту жөніндегі жоспарын жеткізді. Ал солтүстіктен Қостанай өңіріне әкім болып барған Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысына аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп берді. Президент жаңадан тағайындалған әкімдерге өңірлерді дамытуды және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды міндеттеді.