Астанада қазақ-өзбек жастарының конгресі өтті

Қазақстан мен Өзбекстан жастары ғылым, мәдениет, кәсіпкерлік және креативті индустрия салаларын бірлесе дамытады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Астанада басталған қазақ-өзбек жастарының Бірінші Конгресінде алдағы уақытта іске асырылатын ортақ жоспарлар талқыланды. Үш күнге жалғасатын форум жұмысына 100-ден астам белсенді жас жиналды.

Айта кетейік, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің елімізге сапары кезінде екі ел жастарының І Конгресін өткізу туралы бірлескен шешім қабылданған болатын.

Бахтиер Мирзатов, Өр жастар ісі жөніндегі агенттігінің Наманган облыстық басқармасының бастығы:

- Өзбекстаннан жастар делегациясымен келдік. Екі ел президенті осы жастар саясатына көп көңіл бөліп отыр. Достық қарым-қатынаста келісімдер бар. Енді жастар конгресін біз Өзбекстанда да өткізуді жоспарлап отырмыз. Шараның маңыздылығы – ол бір-бірімізбен IT және медиа саласында тәжірибе алмасып, алдағы әріптестікті одан әрі дамыту.

Олжас Сүлеймен, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары:

- Өте қызықты кездесу деп ойлаймын, өйткені бәріміз үшін бір-бірімізбен тәжірибемізді алмасып, барымызбен бөлісіп, келген қонақтардан тәжірибелерін тыңдап бір жақсы құнды ақпараттар алып жатырмыз. Ол жастар үшін өте маңызды, неге десеңіз, қазір көрші мемлекеттермен қарым-қатынасымыз тек экономикалық, сауда жағынан ғана емес, жастарымыз да тығыз айналысуы керек деп ойлаймын. Бұл – болашаққа жақсы бір инвестиция.