Тоқаевқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берілді

Биыл өткен 11 айда мемлекетке құны 600 млрд теңгеден астам заңсыз иеленген активтер мен қаражат қайтарылды.

Бұл жөнінде президент қабылдауында болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы айтты. Олжас Бектенов мемлекет басшысына елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берді. Жыл басынан бері елде және шетелде жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен қаражат анықталды. Бұлар көп ұзамай Қазақстанға қайтарылады. Одан бөлек жемқорлардан тәркіленген қаржы қазірдің өзінде мектеп құрылысына жұмсалып жатқандығы да айтылды. Мәселен, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына қатысты қылмыстық іс аясында кінәлі тұлғалар 197 млн теңге шығынды өтеді. Қаражаттың негізгі бөлігі ауыл мектебінің құрылысын аяқтауға жұмсалды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Президентке елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берілді. Агенттік төрағасы Олжас Бектеновтің айтуынша, биыл 11 айда мемлекетке құны 600 млрд теңгеден астам заңсыз иеленген мүлік активтері мен қаражат қайтарылды.