Қаңтар оқиғасы бойынша 573 адам сотталды

Еліміздің Бас Прокуроры Берік Асылов Мәжілістегі арнайы отырыста қаңтар оқиғасына қатысты мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, оқиға кезінде ел аумағында 12 ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен. Берік Асылов қасіретті қаңтар кезінде бейбіт митинг туралы заңның барлық нормасы бұзылғанын мәлім етті. Сондай-ақ отырыс барысында Бас прокуратура оқиғаның хронологиясы жайлы «Дерек пен дәйек» бейнефильмін көрсетті. Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде ел бойынша 5149 адам жараланып, 238 адам қаза тапты. Қаңтар айының алғашқы күндері әр өңірде басталған бейбіт митингке қатысушылар саны 4 қаңтарда 37 мыңға дейін күрт артқан. 5 қаңтарда 8 өңірдің әкімдігіне бір мезетте шабуыл жасалып, наразылық танытушылар саны 50 мыңға жеткен. Бас прокуратура ұсынған мәліметке сай, бүгінде 573 адам сотталып, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынған. Қаңтар оқиғаларына қатысты жалпы 5300 қылмыстық іс қозғалған. Берік Асылов қаза болу себептері тыңғылықты зерттеліп, қылмыскерлерді жауапқа тарту жалғасып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ұрланған қару-жарақтарды тәркілеу жалғасып жатыр. Қаңтар оқиғасы кезінде шеруге қатысушылардың басым көбі 35 жасқа дейінгі жастар, арасында шетел азаматтары болғаны мәлім.