Мәжілісте қаңтар оқиғасы қаралды

Бүкіл елді дүр сілкіндірген қасіретті қаңтар оқиғасына бір жыл болды.

Алайда халықтың көкейінде әлі де жауабы табылмаған сұрақ көп. Соның біразы бүгін Бас прокуротура және құқық қорғау органдарының басшыларына тікелей қойылды. Халық қалаулылары Қаңтар оқиғасына қатысты бүкпесіз, ашық жауап талап етті.

Себебі қоғамда түрлі қауесет жүр. Жұртты адастырмас үшін ашық, анық ақпарат керек. Жауапты органдар соны бере алды ма?  Жиында қандай тың мәлімет айтты?

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сонымен мұны ұйымдастырған кімдер? Қаскөйлердің негізгі мақсаты не болды? Қаңтар оқиғасы қандай зақымдар мен шығындар келтірді? // Бүгінгі күні болған оқиға бойынша толық түсінік қажет. // Оқиғаның бірізді мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілуі керк деп санаймыз.

Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріс әрекеті жасалды ма, жоқ па? Депутаттар осы жайында нақты жауап беретін уақыт жеткенін айтты.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- Бұл өте күрделі де оңай емес сұрақ. Бұның бәрін тергеу кезінде әбден зерделедік. Әрине, мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталу болды. Оны толығымен тергеу көрсетті.// Ұйымдастырушыларға келетін болсақ// мемлекетке опасыздық жасау мен билікті басып алуға оқталу бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның // орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалған, ол қазіргі кезде сотқа жолданды.

Бас прокурор негізгі фигуранттар ретінде Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары танылып отырғанын айтты. Самат Әбіштен куәгер ретінде жауап алынған. Айтуынша, мемлекетке опасыздық жасауға қатысты іс жабық және аса құпия тәртіпте қаралып жатыр. Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы 18 адам анықталған. Ішінде дикий Арман лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиевтің рөлі айрықша. Оның әрекетін Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі кураторы үйлестірген. Сөйтіп, Арнайы прокурорлар бүгінге дейін 720 қылмыстық істі тергеді. Экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- 5 қаңтарға қараған түні бірқатар өңірлерде митингтер ұйымдастырылды. Автожолдар мен темір жолдарды жапты. Вокзалдар мен әуежайларды бұғаттады. Мемл органдар ғимараттарын қоршады. Яғни, елді мекендердің инфрақұрылымы мен күнделікті тіршілігіне кедергі келтірілді. Яғни қарапайым қазақстандықтардың қоғамдық құқықтары бұзылды.

Ішкі істер министрі күштік құрылым қызметкерлеріне қарсы күш қолданылғанын айтты. Полиция бөлімшелерін басып алу әрекеттері болды. Бұны бейбіт шеру деп айтуға мүлде келмейді. Сол себепті қарулы қылмыскерлерге қарсы тойтарыс беру қажет болды.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Құқық қорғау қызметі туралы заңның 61-бабына сәйкес қолданылды. Ол үшін барлық заңдық негіз бар еді. Бұл азаматтарды қылмыстық озбырлықтан қорғау. Олардың денсаулығын, өмірін қорғау. Бұл қаруды заңсыз иелену әрекетінің жолын кесу. Қызметкерлер заңда қарастырылған шаралар кешенін орындамағанда, бұдан да ауқымды қайғы орын алуы мүмкін еді.

Полиция органдары Қаңтар оқиғасы бойынша 4623 қылмыстық істі тергеуде. 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. Ішкі істер министрінің мәліметінше, 631 айыпталушы сотқа жолданып, 132-сі бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ, 980 тұлғаға рақымшылық жасалып, 76 адам қамаудан босатылды. Депутаттар арандату іс-әрекеттерінің кесірінен жаппай тәртіпсіздікке жол берілгенін айтты. Сол күндері ел тағдыры қыл үстінде тұрды. Құқық қорғау органдары тұтқындалған азаматтардан басқа да ізін суытқандарды анықтауы керек, деген талабын жеткізді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Қаңтар оқтғасының нақты жоспарланған ауыр қылмыс екенін дәлелдейтін фактілер жеткілікті айтылды. Қаңтарды ұйымдастырушылардың көздегені қантөгіспен болсын, қандайда жолмен билікті басып алу еді. Бұл ашығын айтқанда тәуелсіздікке жасалған қастандық болатын. Бірақ халқымыздың ақыл-парасаты мен бірлігінің арқасында, Президентіміздіің ерік-жігерінің арқасында біз мемлекеттігімізді сақтап қалдық. Ең бастысы елдің туы жығылған жоқ.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов халықтан жасыратын ештеңе жоқ, деді. Барлық тараптар мәселені егжей-тегжейлі анықтауға ерекше мүдделі. Қоғам шындыққа көз жеткізуі керек. Белгілісі, арандатушылар бейбіт халықты қалқан етіп, аңғал жастарды адастыруға тырысты. Бұл үлкен сабақ.

Рухани Асқар