Алматы облысына Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен барды

Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматы облысына жұмыс сапарымен барды.

Ол Үлкен Алматы айналма автожолы жобасымен, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және өнеркәсіпті дамыту барысымен танысты. Сапар барысында Қонаев қаласын жылумен жабдықтау кәсіпорнының жұмысын тексерді.

Үкімет басшысына алдымен Үлкен Алматы айналма автомобиль жолында атқарылып жатқан жұмысты көрді. Жалпы ұзындығы 66 шақырымды құрайтын жолдың негізгі жұмыстары аяқталып, барлық көпір мен жолайырықтар салынған. Абаттандыру, жолақыны алудың интеллектуалды жүйесін іске қосу, көлік құралдарын динамикалық өлшеу жұмыстары жалғасуда. Айналма жол Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайтады. Алматыдағы көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Премьер-Министр автомагистраль өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етіп, инвестициялық және туристік әлеуетін арттыратынын атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан өте маңызды, алғашқы инвестициялық жобалардың бірі. Ол өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырады. Әкімдік айналма жолға дейінгі радиалды жолдарды тез аяқтауы керек. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетеді.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Қонаев қаласын жылумен жабдықтайтын кәсіпорында болды. 3 жыл бұрын газға ауыстырылған «Жылу орталығы» 30 мыңға жуық абонентті, бюджеттік ұйымдарды және басқа да нысандарды жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.

Сейдахмет Даданбеков, «Жылу орталығы» кәсіпорнының басшысы:

- Келешекте Алматы облысының болғанына байланысты көпқабатты үйлер салынып жатыр. Мекемелер салынып жатыр, балабақшалар салынып жатыр. Соған байланысты енді күш қуатын көбейту керек. Ол үшін біз қазір проектілері дайын жалу жүйелерін бәрін түгел қосымша қаражат сұрап жатырмыз. Өйткені мына көп үйлер қосылған жоқ.

Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті. Өңірде үш ауысымда білім беретін 52 мектеп бар. Алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 63 мектеп салу жоспарланып отыр. Оған Үкіметтен қосымша қаражат керек. Облыс активімен өткен басқосуда Әлихан Смайылов қажетті қолдау көрсетіледі деді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қор Қаржы министрлігінде бюджеттен тыс қорымыз бар. Оған әзірдің өзінде 120 млрд, теңге түсті.Сондықтан мына оқу ағарту министрлігіне тиісті ұсыныстарыңызды беру керексіздер. Оқу ағарту министрлік әрі қарай республикалық бюджет комиссиясына Қаржы министрлігіне шығарады. Және оны қолдауға болады деп ойлаймын.

Сондай-ақ Премьер-Министр  Іле ауданындағы  290 мың шаршы метрден асатын 70 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Нысанды келесі жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған. Жалпы Алматы мен Қонаев қаласы аралығы индустриялды аймақ саналады. Мұнда ондаған ірі өндіріс орны мен кәсіпорындар бар жұмыс істейді. Үкімет басшысы құрылыс материалдарын шығаратын, көкөніс сақтайтын зауыт жұмысшыларымен де кездесті.