Мемлекет басшысы Непал Президентіне көңіл айтты
Мемлекет басшысы Непал Президенті Бидхья Деви Бхандариге көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Покхара қаласының маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы қайғылы хабарды күйзеліспен қабылдады. Мемлекет басшысы жеделхатта Непал Президентіне және қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Соңғы деректер бойынша, қазір ұшақтағы екі қара жәшік табылды. Іздеу-құтқару операциясы ресми түрде аяқталды. Борттағы барлық 72 жолаушы қаза болды деп жарияланды. Жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, құтқарушылар ауруханаға бірнеше жолаушыны жарақаттарымен жеткізген, бірақ дәрігерлер олардың өмірін арашалап қала алмады. Лайнердің сынықтары терең шатқалдан табылыпты.
Айта кетейік, бұл елдегі 30 жылдағы ең ірі апат болып есептеледі. Покхара қаласына қонбақ болған ұшақ күтпеген жерден биіктігін жоғалтып құзға құлаған.