2050 жылы жаһан елдері толығымен таза энергияға көшуі керек
Осы күндері «тұрақты даму апталығын» өткізіп жатқан Абу-Даби әмірлігі жаһан жұртын баламалы энергияға көшуді жылдамдатуды ұсынады.
Бір елдер бұл меженің орындалуын мүмкін емес десе, кейбір сарапшылар жаһан жұртының мұндай мүмкіндігін жоққа шығармайды. Мысалы, Қазақстан 2035 жылға қарай 6,5 гигаватт жаңартылған энергия көздерін қосуды көздеп отыр. Бұл жайында саммиттің ашылу барысында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Сондай-ақ, президенттің пайымынша бүгінде «жасыл» мұнайға баланып жүрген сутегіні экспорттау бойынша Қазақстан әлемдегі үздік ондыққа орныға алады.
Әлемдік инвесторлардың сөздік қорында «жасыл» және «қара» инвестиция деген ұғым бар. «Қара» - мұнайды өндіруге, өңдеуге салынған инвестиция, ал «жасыл» дегені – баламалы қуат көздеріне құйылған қаржы. Соңғы жылдары Таяу шығыста «жасыл» келісімдер трендке айналып келеді. Өткен жылы аймақта құны 23 млрд доллардан асатын 283 осындай келісімге қол қойылған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 16% көп. Осылайша қанша парадоксалды естілсе де, мұнайға бай Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері әлемдегі ең қуатты таза энергетикалық ойыншыларға айналды.
Осыдан 15 жыл бұрын шөлейтті жерде экоқала саламыз деген арабтардың амбициясын естігенде кейбір елдер езу тартқан еді. Шынымен, қалың құмның ортасында отырып, «жасыл» қала салу идеясы ақылға қонбайтындай көрінген. Бірақ, әмірліктер әлемдегі тұңғыш экоқаланың құрылысын асықпай-аптықпай жалғастыра берді. Нәтижесі, мынау. Абу-Дабиден 17 шақырым қашықта, «болашақтың» қаласы - Масдар мен мұндалап тұр.
Масдар – араб тілінен аударғанда «қайнар» деген мағынаны білдіреді. Қала тек күн мен желден өндірілетін энергияны тұтынады, кәдімгі көлік жүрмейді, қоқыс қалмайды, қайта өңделеді. Жобаның құны 22 млрд АҚШ доллары. Эко-қаланың архитектурасын есімі қазақ үшін етене таныс Астанадағы Бәйтерек пен Хан шатыр секілді төрт нысанның авторы британдық сәулеші Норман Фостер сызған деседі.
Крис Ван, «MASDAR CITY» компаниясы директорының орынбасары:
- Біздің қазір екі жарым мыңға жуық тұрғынымыз бар. Халық саны алдағы бірнеше жылда өсе түседі, себебі мұндағы тұрғын үйлер пайдалануға беріле бастайды. Масдар сити – бұл Біріккен араб әмірліктерінің атмосфераға бөлінетін зиянды заттарды 2050 жылы нөлдік деңгейге жеткізу стратегиясының бөлігі.
2050-ге дейін 27 жыл бар, бірақ қазақ келер күннен жақын жоқ дейді. Әмірліктер әлемді таза энергияға көшу процесін жылдамдата түсуге үндеп отыр, бірақ көбі үнсіз. Себебі, баламалы энергия – инвестицияны талап етеді. Ал басқасы басқа, әмірліктер ақшадан таршылық көрмейді.
Сұлтан Ахмед Әл-Джабер, БАӘ Өнеркәсіп және озық технологиялар министрі:
- Экологиялық таза энергетика саласында Біріккен Араб әмірліктері 11 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Құны 159 млрд дирхамға жетеді. Сондай-ақ, біз жасыл сутегі өндірісі бойынша он жобаны қолға алдық. Бұл әуелі болашақ үшін қажет.
Әмірліктер Қазақстанның «жасыл» энергиясына инвестиция құйып келеді. Себебі, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтқандай, қазақтың ұлан-ғайыр даласы, самал желі мен күні – таза энергияның сарқылмас көзі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Қазақстан жаңартылатын және баламалы энергия көздерін көбейтіп, ұдайы дамытып отыр. Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның климатты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энергия секторында көш бастауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз. Жалпы, біздің жоспарымыз бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады. Бұл орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады.
Қазір Қазақстанда баламалы энергия көздерінен өндірілетін энергия 4% төңірегінде ғана. Ал электр энергиясының 70% жуығы көмірден өндіріледі. «Бұл сандарды өзгертетін ауқымды өзгерістер басталды», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Компанияның экологиялық жаңғыруға құятын инвестициясының толық құны бюджетке төленетін экологиялық төлемнен шегеріледі. Мәселен нормативтік-құқықтық реттеу жағына келер болсақ, биыл барлық негізгі өнеркәсіп салалары үшін Ең үздік қолжетімді техникалардың алалық стандарттар анықтамалығын әзірлеу ісі аяқталады. Келесі сатыда ластанған табиғаттың 80 пайызына жауапты 50 ірі корпорация осы стандарттарға өтуі керек.
«Жасыл» экономикаға көшу оңай болмайды, әсіресе дамушы экономикалар мен қоғамдар үшін», - дейді мамандар. Бірақ, жаһан жұмылса «жасыл» жобаларды қағаз бетінен, шынайы іске айналдыру түк емес, дейді енді бірі.