Мемлекет басшысының ресми сапары: Әмірліктермен әріптестік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін тараптар 9 құжатқа қол қойды. Әрине әуелі ресми сапар салтанатты рәсімнен басталды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян өзінің «Әл-Уатан» сарайында қарсы алды. Ресми шаралардан соң президенттер мен делегаттар кеңейтілген құрамда кездесіп, келіссөздерді бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алып, Әмірліктер Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі сенімді әрі басты серіктесі екенін және биыл шетелге алғашқы ресми сапары Әмірліктерден бастап отырғанын айта өтті. Мемлекет басшысының ойынша, елдер арасындағы қарым-қатынас қалыпты, бірақ жаңа жетістіктерге жетелейтін жаңа келісімдер керек. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян елдер арасындағы энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әмірліктер – ислам және араб әлеміндегі біздің сенімді әрі басты стратегиялық серіктесіміз. Сіздің еліңіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Қазақ халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Әсіресе елордамызды көркейтуге Араб Әмірліктері зор үлес қосты. Бұл – шынайы достықтың айқын көрінісі. Былтыр біздің елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толды, осы кездері түрлі саладағы ынтымақтастығымыз нығая түсті. Мазмұнды әрі ашық саяси диалог жолға қойылды. Шын мәнінде бұл салада жетістіктер аз емес. Бірақ келешекте жаңа келісімдерге, жаңа жетістіктерге қол жеткіземіз деп мен ойлаймын.

Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті:

- Елдеріміздің энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санаймыз. Осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын. Елдеріміздің ауаға таралатын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жоспарлары да ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктері көміртегі бейтараптағына  2050 жылға дейін жетуді жоспарласа, Қазақстан бұл мақсатты 2060 жылға дейін орындауды көздеп отыр. Бұл – біздің болашақ ұрпақ үшін өте маңызды мәселе.

Ал енді Қазақстан мен Әмірліктер арасында қол қойылған 9 құжат туралы толығырақ айта өтсек. Оның бірі – екі елдің үкіметі арасындағы стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларация. Сондай-ақ бүгін «ҚазМұнайГаз» ҰК Әмірліктердің «Abu Dhabi Ports» компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл ірі компания Әмірліктерде 10 порт пен терминалға иелік етеді. Теңіз қызметтерін ұсыну бойынша тәжірибесі де, портфелі де бай бұл компания бізге кеме флотын дамытуға көмек бермек. Сондай-ақ енді қазақстандық оқу орындарын аяқтаған теңіз флотының түлектері әмірліктердің ірі портында тәжірибеден өте алады.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл біздің келісімге сәйкес 2 компания арасында бірлескен кәсіпорын ашылатын болады. Негізінде осы жұмыстар қазір басталды. Біз оны Астана халықаралық қаржы орталығында тіркейтін боламыз. Жалпы мына серіктестік бізге не береді? Ең біріншіден, бізге қарайтын «Қазморттранспорт» деген мекемеміз бар, 17 кеме оның ішінде Каспий теңізінде де, сонымен қатар Қара теңізде де жұмыс істейтін танкерлер, буксирлер және контейнер тасымалдайтын кемелер бар. Сол серіктестік аясында біз бірлесіп, сол кеме флотын дамытатын боламыз. Яғни, үлкен серпіліс беретін сөзсіз. Оған ешқандай күмәніміз жоқ.

Дәл осы сағаттарда ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-араб әмірліктері инвестициялық форумына қатысып жатыр.