Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің төлеуі тиіс жарнасы бекітілді
«Республика» партиясының өңірлерде бөлімшелерінің жоқтығына байланысты өз кандидаттарын ұсына алмайды. Сәйкесінше сайлауға қатыспайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған партия 8 ақпанға дейін өз құрылымдық бөлімшелерін тіркесе, саяси науқанға қатысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ отырыста Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің төлеуі тиіс жарнасы бекітілді. Ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде болады. Ал мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлау жарнасы ең төменгі 5 жалақыны құрайды.
Еске сала кетейік, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау 1 күнде, яғни 19 наурызда өтеді.
Асылбек Смағұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Енгізілген жарна, егер сайлау қорытындысы бойынша кандидат Парламент Мәжілісі депутаты болып сайланса немесе дауыс беру қорытындысы бойынша сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда кандидатқа қайтарылады. Мәслихат депуттығына кандидаттың сайлау жарнасы ең төмен 5 жалақыны құрайды. Енгізілген жарна қорытынды бойынша, егер кандидат депутат болып сайланса, сайлаушылар дауысының кемінде 5%-тін жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда кандидатқа қайтарылады.