Қ. Тоқаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Сенім грамоталарын Швеция Корольдігінің елшісі Ева Ульрика Пулано, Грузияның елшісі Николоз Лалиашвили, Мьянма Одағы Республикасының елшісі Лвин У және Кипр Республикасының елшісі Кипрос Йоргаллис тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев меймандарды Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту жұмыстарына табыс тіледі. Мемлекет басшысы Қазақстанның достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған бейбіт әрі ашық сыртқы саясат жүргізіп отырғанын айтты. Сондай-ақ Президент дипломаттардың игі миссияларын орындауы кезінде ел Үкіметі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін де атап өтті. Рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерге табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің басшыларына ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.