Сенат депутаттарына куәлік табысталды

14 қаңтарда өткен кезектен тыс Сенат сайлауының жеңімпаздары ресми түрде депутат атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сенаторларға бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы куәлік пен төсбелгілерін табыстады. Саяси науқан нәтижесінде 20 өңірден бір-бір депутат сайланған.

Айта кету керек, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы Мемлекет басшысының қаулысымен тағайындалған 10 сенаторды тіркеді. Сонымен қатар Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайланғанға дейін Сенаторлар Конституциялық заңдарды қабылдау бойынша міндеттерді орындайды.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл Сенат құрамына енген жаңа депутаттар елімізде қабылданған саяси реформалардан кейінгі  алғашқы толқын деп айтуға болады. Сондықтан бұл жерде барлық Сенат депутаттарына артылып отырған жүк ауыр әрі жауапкершілігі өте жоғары. Жалпы Сенат жұмысында үлкен өзгерісті өздеріңіз де көріп отырсыздар. Сенат бұрын тек заң шығарушы болса, енді жаңа саяси реформаларға Мемлекет басшысының бастамаларына сәйкес Сенат өңірлермен жұмысты күшейтеді.