М. Әшімбаев: Сенаторларға жүктелетін міндеттің жүгі ауыр

Парламент фунцияларын уақытша Сенат атқарады. Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді.

Айта кету керек, бұл сенаттың жаңа жасақталған құрамымен өткен алғашқы жиыны. Жалпы отырыста депутаттар бірқатар заң жобасын талқылады. Маңызды құжаттар қатарында цифрлық майнингке қатысты заң да бар. Сенат жақында ғана бұл құжаттарға түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарған болатын. Ал мәжіліс қайта жасақталғанша Парламенттің заң шығару қызметі толығымен Сенатқа жүктеледі. Сондықтан, жоғарғы палата депутаттары «цифрлық активтер туралы» Заң мен оған ілеспе құжаттарды мақұлдады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мәжілістің жаңа құрамы сайланғанға дейін заңдарды қабылдау тәртібінде ерекшелектер бар екенін атап өту керек. Бұл тәртіп Сенат регламентінде айқындалған. Сол тәртіп бойынша жұмысымызды ұйымдастыратын боламыз. Осы екі айда бізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Солардың бәрін өздеріңізбен бірге сапалы әрі уақытылы орындаймыз деп сенемін.