«Байтақ» және Respublica партиялары мәслихаттар сайлауына қатысады

Орталық сайлау комиссиясы жаңадан тіркелген 2 партияға мәслихаттар депутаттарының сайлауына жартылай қатысуға рұқсат берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, «Байтақ» ұйымы өз кандидаттарын еліміздің 15 өңірінде ұсына алады. Ал Respublica партиясы 19 аймақта мәслихаттар депутаттарының мандатына таласа алады. Өйткені қос ұйымның барлық облыста филиалдары құрылмаған. Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, егер бұл партиялар кандидаттарды ұсыну науқаны аяқталғанға дейін өңірлік филиалдарын толық ашатын болса, өзге облыстарда да сайлауға қатыса алады. Ал мәслихаттар депутаттарына кандидаттарды ұсыну ақпанның 8-і күні сағат 18:00-де аяқталады. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы сайлау жарнасы қанша болатындығын да атап өтті

Сабила Мұстафина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Облыс, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттар депутаттарының сайлауына қатысу үшін саяси партия өз есебінен жергілікті атқарушы биліктің есебіне тізімде бар әр адам үшін 350 мың теңгеден аударуы тиіс. Өткен сайлауда 5%-тен артық дауыс жинаған партия сайлау жарнасын төлемейді.