2022 жылы елімізге тартылған инвестиция көлемі 15,1 трлн теңге болды

Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,9% артық. Премьер-министр Әлихан Смайылов шетелден тікелей инвестиция тарту бойыша өткен жылғы жұмысты қорытындылап, осындай мәліметті жариялады.

Үкімет басшысы инвестиция тарту жөнінен тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелгенін айтты. Алайда, Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт министрліктерінде ең төмен көрсеткіштер байқалады. Өңірлердегі жағдай да мәз емес. Әсіресе, Ұлытау, Атырау, Жамбыл облыстары артта қалған. Премьер-Министр Ұлытау облысында құны 27,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба жүзеге аспай қалғанын атап өтті. Сондай-ақ Атырау облысында да өңірдің әлеуеті мен қорлары толық іске қосылмаған. Әлихан Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алып, Мемлекет басшысының 2025 жылға қойған межесін еске салды. "Президент негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-тен жоғары болуы керек дегенді білдіреді», - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Сіздердің инвестицияларыңыздың нақты өсу көлемі 1,2% құрады деп жаңа айтып отырсыз. Негізі ол жақсы көрсеткіш емес. Қарқын 10%-тен жоғары болу керек. Ал сіздер артқа тартып отырсыздар, 1-2% деген сөзіміз ол жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр деген сөзіміз.