Президент Тараз қаласындағы Студенттер үйіне барды

Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Тараз қаласындағы Студенттер үйіне барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл студенттер үйі Халықаралық Тараз инновациялық институтына тиесілі. Бұл институтқа өткен жылы Шерхан Мұртазаның есімі берілген. Ғимарат бұрын «Тараз» қонақ үйі болған. Институттың құрылтайшылары оны 2018 жылы 430 млн теңгеге сатып алып, күрделі жөндеу жұмысын жүргізген.

Ерболат Саурықов, Халықаралық Тараз инновациялық институтының президенті:

- Институтта 7 оқу ғимараты бар, 5 зерттеу орталығы бар. Студенттер үйін сатып алған шығармашылық орталықтары, спорт алаңдары, сұлулық алаң – бәрі қарастырылған. Өзіңіздің тапсырмаңыз бойынша биылғы жылы 100% қамтыдық.

Президент студенттер үйін аралап көріп, онда тұрып жатқан жастармен жүздесу барысында Мемлекет басшысы өзінің студенттік өмірін де еске алды.

- Мына жерде тұрасыздар ма? Жағдай қалай? Мен Мәскеуде осындай жатаханада тұрдым. Мен, тағы бір поляк жігіті болған.

Білімге келгенде, қанағат қылмау керек. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттерімен әңгімелесу барысында Президент білімнің маңызына да тоқталды.

- Еліміздің болашағы жастар. Әрқашан қолдаймыз. «Толық адам», абайша айтқанда. Ол, ең алдымен, білімді адам. Білімге қылғанда, қанағат болмау керек. Еліміз озық ел болады, бұл мақсат өздеріңізге байланысты.

Президенттің тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясы 20%-ке, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15%-ке өсті. 2025 жылға дейін қазақстандық ЖОО студенттерінің шәкіртақысы 2 есе көбеймек. 2022 жылы грант саны 7 есе артып, 88 204 орынды құрады.