Президент Көктал ауылындағы мектепке барды

Жалпы, Жамбылға жасаған бұл сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығы Таразда көп аялдаған жоқ, ауданға, ауылға аттанды, әлеуметтік нысандарды аралады. Соның бірі – Байзақ ауданында жаңадан ашылған Көктал орта мектебі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл бұл білім ошағына 1200-ден астам оқушы барды. Ауылдағы бұрынғы ескі мектеп тар әрі суық еді. Ал жаңа ғимарат материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған. 32 оқу кабинеті, компьютер кабинеттері, лингафон және роботтехника кабинеті жұмыс істейді. Мектепке маңайдағы ауылдардан оқушылар қатынап оқиды, ол үшін дайын көлік бар. Алдағы 2 жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында 9 мыңнан аса оқушы үшін 13 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 8-і келесі жылы ашылады.