Қазақстан мен Ресей арасында құны 1 млрд АҚШ долларын құраған 26 бірлескен жоба іске асты

Енді өнеркәсіптік байланыс жалғасын тауып, жобалар саны артпақ. Нәтижесінде 24 мың қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Қазақстан мен Ресейдің Волгоград облысы арасындағы әріптестік жыл сайын дамып келеді. 2022 жылғы қорытынды бойынша өңірмен байланыс орнатқан 114 елдің ішінде біздің ел 4-ші орынға шыққан. Аталмыш облыспен сыртқы сауда айналымы 222 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстан өңірге машина жасау және химия өндірісі саласы бойынша өнімдерді экспорттайды. Ал Волгоград бізге мұнай және қара металлургия өнімдерін жеткізеді. 

Анна Писемская, Волгоград облысы губернаторының орынбасары:

- Біз Қазақстан кәсіпорындарымен байланыс орнатуға мүдделіміз. Қазіргі таңда ынтымақтастық байланыс бар. Алайда біз одан да биік мақсаттар қойып, екі ел арасындағы кооперацияны күшейтеміз деп жоспарлап отырмыз.

Қазақстан мен Атырау облысы арқылы шекаралас Волгоград аймағы ауыл шаруашылығы жерлерін бірлесіп мелиорациялау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл мақсатта Торгун шекара өзенін тазарту үшін Еділден су жеткізу көзделген.

Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресей федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Металлургия, мұнай-газ, химия және құрылыс материалдары тасымалданады. Бірақ Волгоград облысының қолайлы ауылшаруашылық аймақ екенін ескеріп, осы салада бірлескен жұмыс жүргізуді күн тәртібіне шығардық. Мұнда жылына 7 млн тонна астық өндіріледі. Еділбаев қой тұқымы сынды асыл тұқымды мал өсіретін орталықтар бар. Менің ойымша, ауыл шаруашылығында бірге жұмыс істеу – ұтымды.

Сонымен қазір қазақстандық компаниялармен 200-ден астам Волгоград кәсіпорны экономикалық қатынас орнатқан. Ынтымақтастықты тереңдету мақсатында қос тарап алда тағы келіссөздер жүргізеді. 

Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.