Астанада халықаралық форум өтеді

Биыл маусымның 8-9 аралығында Астанада халықаралық форум өтеді.

Еліміз негізгі жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін күш жұмылдыру мақсатында жаңа диалог алаңын құрмақ. Елордада өтетін жиын шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының пікір алмасатын алаңына айналады. Онда климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелердің шешу жолдары қарастырылады. Бұл халықаралық шараны ұйымдастыруға Астана экономикалық форумынан кейін жеткен жетістіктер себеп болды. Оның тұжырымдамасы сыртқы саясат, қауіпсіздік және тұрақтылық, энергетика мен климат, сондай-ақ экономика және қаржы сияқты  негізгі төрт жаһандық мәселені шешуге арналған. Форумды ұйымдастыруға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев The Astana Times газетінде жариялаған мақаласында кеңінен тоқталған.  

ЦИТАТА

«Бүгінде біз бүкіл әлем бойынша тарихи сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз. Мұндай жағдайды ондаған немесе одан да көп жыл бойы бастан өткермедік. Бұл сын-қатерлер халықаралық қауымдастыққа бұрын-соңды болмаған ауыртпалық әкелуде, жаңа бөлінушілік тудырып, жаһандану мен мультилатерализм қағидаттарына қарсы келіп жатыр. Астана халықаралық форумы әлемдік жүйенің негізгі постулаты ретінде ынтымақтастыққа басымдық бере отырып, осы сын-қатерлерге төтеп беру үшін құрылды. Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы көпір қызметін атқарып отырған Қазақстанның сындарлы халықаралық қатынастарды дамыту бойынша терең тарихы бар. Бұл саясат 2022 жылы елеулі сынақтан өткенімен, өзінің орнықтылығын дәлелдеді. Біз ынтымақтастықтың құндылығын көрсете білдік. Астана халықаралық форумы арқылы жаңа дипломатиялық, экономикалық және саяси жолдарды айқындай отырып, алдымызда тұрған ортақ сын-қатерлерді бірлесе жеңу үшін жаңа қатынас көпірлерін орнатып, байланыстарды нығайтамыз деп үміттенеміз».