Мәжіліс сайлауына қатысатын партиялар анықталды
Орталық сайлау комиссиясы Парламент сайлауына кандидаттарды ұсыну науқанын қорытындылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сонымен партиялық тізімге 283 үміткер кірді. Атап айтқанда: «AMANAT» партиясынан – 90, «Ақ жол» партиясынан - 54, «Қазақстан Халық партиясынан» - 52, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан - 25, Respublica партиясынан – 25, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан - 19, «Байтақ» жасылдар партиясынан - 18 кандидат бар. Сондай-ақ бір мандаттық округтер бойынша 609 кандидат ұсынылды. Олардың қатарында: 7 саяси партиядан 79 үміткер, 4 қоғамдық бірлестік атынан 5 үміткер енді. Өзін-өзі ұсынған 525 кандидат та тізімге енгізілді.
Нұрлан Әбдіров, ҚР ОСК төрағасы:
- Саяси партиялардың тізімдерінде сайлау түралы заңға сәйкес әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30% квота толығымен ескерілді. 29 бір мандаттық аумақтық сайлау округы бойынша 609 кандидат ұсынылды. Жалпы, республика бойынша әр сайлау округіне орташа бәсекелестік 21 кандидатты құрайды. Ең жоғары бәсекелестік – Астана қаласының 2 сайлау округінің әрқайсысы бойынша 63 кандидат. Ең төмен көрсеткіш – Ұлытау облысының сайлау округы бойынша. 6 адам бір мандатқа.