Сайлауға дайындық қызу жүргізілуде

Алматы қаласының мәслихат депутаттығына 6 саяси партия -партиялық тізім бойынша 153 кандидат ұсынды.

Саяси бәйгеде «Қазақстан Халық партиясы», «Ақ жол», «AMANAT», «Ауыл», «Respublica», «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар» партиясы тартысқа түседі. Ал бір мандатты аймақтық сайлау округтері бойынша 210 үміткер мәслихат депутаттығына өтініш білдірген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласының Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Қалықова айтты. Мәслихат депутаттығына үміткерлердің ең жасы 21-де болса, үлкені 76 жаста екен. Жалпы, Алматы қаласының мәслихатына 42 депутат сайланады. Ал Мәжіліс депутаттарын сайлауға келсек - Алматыда бір мандатты үш сайлау округі құрылған. Ол бойынша 143 кандидат өзін өзі ұсынып отыр. Ұсынылған кандидаттардың тізімі сайлау комиссиясының интернет ресурсында жарияланды. Брифингте мамандар жарна мөлшерін де айтты.  

Ержан Қалымбайұлы, Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Парламент Мәжілісіне депутат ретінде өзін өзі ұсынған адамға жарна көлемі 1 миллион 50 мың теңге. Мәслихатқа ұсынып жатқан адамдардікі 350 мың теңге. Жарнаның қайтарылу қайтарылмау мәселесіне келетін болсақ, кандидатқа жарна қандай жағдайда қайтарылады. Бірінші ол кісі сайлаудан жеңіп шығып, өтсе, сонымен қатар, жалпы дауыс берушілердің 5 пайыздан астамының даусын жинаса, сонымен қатар заңда анық көрсетілген егер кандидат қайтыс болған жағдайда ғана қайтарылады. Одан басқа жағдайларда ол қаражат сайлау жарнасы мемлекеттің қазынасына түседі.