«Түркістан декларациясы» - Орталық Азия елдерінің көпжақты ынтымақтастығын нығайтады

«Түркістан декларациясы» - Орталық Азия елдерінің көпжақты ынтымақтастығын одан әрі нығайта түседі». Түркістанда өткен Орталық Азия елдерінің 1-ші Парламентаралық форумына қатысушылар осындай пікірде.

Сарапшылардың айтуынша, «Түркістан декларациясын қабылдау - Қазақстанды мойындау». Сондықтан бұл құжаттың мәні бөлек, маңызы ерек. 

Сонымен Түркістан декларациясында не қабылданды? Бұл құжаттың саяси салмағы мен мән-маңызы қандай? Орталық Азиядағы бестіктің парламентаралық байланысын нығайтуға қандай септігін тигізеді? Құжатта экономикалық байланыстарды арттырып, өзінің бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыру үшін Парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту жолдары қалай көрініс тапқан?

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Ортақ мәселелерді жеке-дара емес, бірлесіп шешуге, экономика, экология, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, өңірлік және шекара маңындағы сауда-саттықты арттыруға, көлік-транзиттік саладағы серіктестікті дамытуға, жаңа бірлескен жобалар мен біртұтас рухани-мәдени кеңістіктің көкжиегін кеңейтуге негізделген. Түркістан декларациясы құқықтық тұрғыдан келісілген, қауіпсіздікке негізделген, ең бастысы Оралық Азия елдерін ынтымаққа ұйыстырған құнды құжат деп атауға толық негіз бар.   

Орталық Азиядағы бес мемлекеттің Парламентарилерінің басын қосу – Қазақстанның өз бастамасы. Былтырғы өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай бастама көтерген болатын. Ал бұл жиынды өткізуге таңдаудың Түркістанға түсуі тегін емес. Шаһардың Орталық Азия халықтарының қайбірі үшін де мәдени мәні зор, тарихи тамыры терең.

Марлен Маматалиев, Қырғызстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің депутаты:

- Қазақстан – түбі бір, тарихы ортақ бауырлас елдердің парламентарилерінің басын киелі Түркістанға қосып, ынтымаққа ұйыстыру арқылы тағы да өзінің Орталық Азиядағы көшбасшы ел екенін дәлелдеді. Әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұрған кезеңде Қазақстанның бәрімізді бірлікке үндеп, ортақ алаң ұсынып, ынтымаққа шақыруы – ортақ мәселелерді ғана емес, ішкі-сыртқы сын қатерлермен де бірлесіп күресуге мүмкіндік береді.

Махмадтоир Зокирзода, Тәжікстан Маджлисинің төрағасы: 

- Түрлі салаларда, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту – дәстүрге айналған көршілік достығымызды одан әрі нығайта түседі. Сондықтан Қазақстанның бұл бағыттағы бастамасы барашаға үлгі болады деп есептеймін.

Қазақстанның бастамасын форум делегаттарының барлығы бірауыздан қолдап, Түркістан декларациясын қабылдады. Орталық Азия елдерінің көпжақты ынтымақтастығының басым бағыттары осы құжатта бекітілген. Форумға қатысқандар бұл құжат Орталық Азиядағы бестіктің парламентаралық байланысын әлбетте бекемдей түсетініне шүбә келтірмейді. Ең бастысы Қазақстанның бастамасымен іске асырылған алғашқы форум – енді тұрақты алаңға айналмақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш