Президент Көкшетаудағы Азаматтық қорғау академиясына барды

Президенттің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10-нан 70%-ке дейін өседі. «Азаматтық қорғаныс жүйесі тұрақты жаңғыртуды қажет етеді». Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Мемлекет басшысы Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына барды. Бұл – азаматтық қорғау саласы бойынша кадрлар дайындайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны. Жыл сайын 150-ден астам офицер даярлап шығарады. Үкіметаралық келісімдер аясында академияда Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары да білім алады. Президент «құтқарушы болу – қиын әрі қатерлі жұмыс» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Армысыздар, айбынды сарбаздар! Құрметті офицерлер және курсанттар, халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау – басты міндет әрі қастерлі парыз. Бұл, ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды.

Алапат зілзаладан кейін Президент тапсырмасымен бауырлас Түркия аттанған құтқарушылар мен дәрігерлер арасында ақмолалықтар да бар. Облыстан ұзын ырғасы 18 маман кеткен. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарға алғыс айтты. Сосын «Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз» деді. Осыдан соң кадр дарялау мен материалдық-техникалық базаға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтық қорғау жүйесі үнемі жаңғыртуды қажет етеді. Бүгінде озық әлемдік тәжірибені үлгі ету, заманауи технологияларды енгізу өте маңызды. Құтқарушыларды сапалы даярлауға ерекше назар аудару қажет. Бұл мәселеде, әрине, командирлер мен оқытушылар негізгі рөл атқарады. Осы ретте оқу жағдайы үлкен маңызға ие. Менің тапсырмам бойынша Үкімет Академияның материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерін пысықтап жатыр. Жатақхана мен оқу корпусын салу жоспарланған. Жалпы, мемлекет еңбекақыны арттыру және құтқарушылардың әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілуін жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр.