Е. Қарин: Ұлттық құрылтай - ашық диалог алаңы

Ұлттық құрылтай елдің өтініш-тілегін жинайтын ашық әрі тиімді диалог алаңына айналып келеді.

Мұны Мемлекеттiк кеңесші,,, телеграм арнасында жазды. Ерлан Қарин Президенттің Ұлттық құрылтай мүшелерімен тұрақты түрде кездесіп, кеңесіп тұратынын атап өтті. «Былтырғы желтоқсан айында Quryltai мобильді қосымшасы іске қосылды. Азаматтар бұл платформаға қоғамдағы өзекті мәселелер жөніндегі өз ойы мен ұсыныстарын жолдай алады. Бұдан бөлек, «Хабар» телеарнасында «Ұлттық құрылтай» атты арнайы бағдарлама көрсетіледі. Оған әртүрлі өңір қосылады. Бағдарламада Ұлттық құрылтай мүшелері мен сарапшылар елімізді дамытуға ықпал ететін ұсыныстарды талқылайды» деген Ерлан Қарин бұл органның мәртебесі артып келе жатқанына тоқталды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттiк кеңесшісі:

- Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы негізгі консультативтік-кеңесші орган. Мемлекет басшысы бұл ұйымды құру туралы бастаманы өткен жылғы Жолдауында көтерген болатын. Ұлттық құрылтайдың құрамына елімізге белгілі қоғам қайраткерлері және сарапшылармен қатар, өңірлердегі азаматтық қоғамның белсенді өкілдері мүше болып кірді. Қазіргі уақытта Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысының қоғам белсенділерімен және сарапшылармен арадағы тікелей диалогын орнатып, оны дамытып отыр.