Э. Блинкеннің Қазақстанға сапарынан не күтеміз?

Ертең АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен келеді. Бұл –мәртебелі мейманның біздің елге тұңғыш ресми сапары. Ал қозғалатын басты тақырыптардың бірі – Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайту, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірлік ынтымақтастық пен экономикалық серіктестік. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары аясында осы және өзге де мәселелер қаралмақ. Бұдан бөлек, 28 ақпан күні Блинкен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Премьер-министр орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөз өткізеді. Дәл сол күнге Астанада Бликеннің қатысуымен Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы саяси ведомстволары басшыларының С5+1 форматындағы министрлік кездесуі де жоспарланған.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Кездесу барысында Орталық Азия елдерінің АҚШ-пен экономика, энергетика және қоршаған орта саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту, сондай-ақ терроризммен күрес мәселелерін талқылау жоспарланып отыр. Бүгінде С5+1 форматы Орталық Азияның жан-жақты дамуын қамтамасыз етуде аймақтық ынтымақтастыққа жәрдемдесетін тиімді дипломатиялық платформа ретінде көрсетіп келеді.

Саясаттанушы Асқар Нұршаның айтуынша, жоғары лауазымды саясаткердің елордаға ресми сапармен келуі қазақстандық дипломатия үшін маңызды оқиға. Ол екі ел арасындағы қатынастардың оң динамикасын көрсетеді.

Асқар Нұрша, ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ директорының кеңесшісі:

- Блинкен – өте маңызды тұлға. АҚШ-тың атқарушы билігіндегі жоғары лауазымды саясаткердің қатысуымен өтетін жиын қатардағы кездесулердің бірі болады деп ойламаймын. Шара барысында аймақтық қауіпсіздікті ары қарай дамытуға арналған мәселелер талқыланады.  

Жуырда Блинкен Twitter-дегі парақшасында Қазақстанға баратынын мәлімдеді. Ол Орталық Азиядағы әріптестікті дамытуды асыға күтетінін атап өтті. Асқар Нұршаның пікірінше, Ақ үй тарапынан біздің өңірге асқан қызығушылық танытуы бекер емес.

Асқар Нұрша, ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ директорының кеңесшісі:

- Америка Орталық Азияға үнемі қызығушылық танытады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері АҚШ аймақ елдерінің тәуелсіздігі мен егемендігін қолдап келеді. Менің ойымша, Құрама Штаттардың бұл мәселеде қолғабыс етуі Қазақстан үшін өзекті. Жалпы, Қазақстан мен Орталық Азия елдері қазір жеке мемлекет ретінде де, аймақтық деңгейде де екіжақты қарым-қатынасты дамытуға бет бұрып жатыр. Біздің серіктестік ары қарай да дами береді деп ойлаймын.

Астанадан кейін АҚШ-тың Мемлекеттк хатшысы Ташкент қаласына аттанады. Одан кейін Үндістанға жол тартады. Ол жақта Блинкен үлкен жиырмалық елдері Сыртқы істер министрлерінің саммитіне қатысады.