«Байтақ» партиясы Қызылордада еңбек ұжымымен кездесті

Үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына бір апта қалды.

«Байтақ» жасылдар партиясының өңірлердегі іс-шаралары да қыза түсті.

Саяси ұйымның Қызылорда облыстық штабы бүгін ауыл шаруашылығы бағытындағы өндіріс ошақтарының бірінде болып, еңбек ұжымымен кездесті. Сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарымен таныстырып, түрлі салада қордаланған мәселелер бойынша ой-пікірлерімен бөлісті. 2016 жылы құрылған серіктестік күріш өңдеумен және сатумен айналысады. Кәсіпорында 160-тан астам адам еңбек етеді. Жүздесу барысында жұмысшылар жаңару мен жаңғырту бағытындағы саяси реформа төңірегінде пікір алмасты. Өндіріс аясында күріш қауызын ұнтақтау мен мал азығын дайындауға қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Облыстық штаб өкілдері бүгінгі күнге дейін аймақтағы барлық 7 ауданды аралап шықты. Халықпен 70-тен астам кездесу ұйымдастырылды. Енді Қызылорда қаласында және Арал, Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы, Сырдария аудандары мен Төретам кентінде бірқатар іс-шара өткізу жоспарланып отыр.