Сайлауалды науқаны барысында үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді

Сайлауалды науқаны кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында 10 мың үгіт-насихат материалы жарияланды. Олардың 5 мыңы телеарналар эфирінде, 2 жарым мыңы газеттерде, қалғаны интернет ресурстарында шықты. Бұл жайлы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім етті.

Оның айтуынша, үгіт-насихат жұмыстарының 96%-і мониторингтен өтті. Барлық партияға тең мүмкіндік берілді.

Қанат Ысқақов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

- Бұл сайлауға 7 партия қатысты. Біздің басты міндет біркелкілікті сақтау. Сақтап отырғанда орташа әрқайсысының үлесі 14,3%-ті құрайды. Яғни, мониторинг жүргізген кезде осындай статистикалық көрсеткішті сақтадық 14,3%.

Алайда үгіт-насихат жүргізу барысында заңды бұзғандар да болды. Прокуратура органдары 23 осындай дерек анықтаған. Мәселен, әлі тіркелмей жатып, өзін кандидат ретінде жариялаған 6 азамат жауапқа тартылды. Қарағанды қаласының 2 тұрғыны үгіт-насихат материалдарын жыртқан. 3 дерек әлеуметтік желілерде заңсыз сауалнама жүргізумен байланысты.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Анонимдік үгіт-насихат материалдар таратудың 5 фактісі анықталды. Олар бойынша 4 адам Кодекстің 113-бабы бойынша жауапқа тартылды, үшеуі Ақмола облысының кандидаттары, бір БАҚ өкілі. 1 факт Түркістан облысы Мәжіліс депутаттығына кандидаттың тарапынан жол берілген. Қазір ОСК келісімі алынды, бұл кандидатқа қатысты тиісті әкімшілік құжаттар сотқа жолданатын болады.