Шымкентте 639 мыңнан астам сайлаушы өз таңдауын жасай алады. LIVE

Халықтың 54 %-ке жуығы дауыс беру құқығына ие. Сайлау учаскелерінде азаматтық борышын өтеуге келген халықтың қатары қалың, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Мен дәл қазір №101 дауыс беру учаскесінде тұрмын. Бүгін барлық 330 сайлау учаскесі талапқа сай өз жұмысын бастады. Аптаның демалыс күніне қарамастан ел өміріндегі елеулі жағдайға халық бей-жай қарап жатқан жоқ. Бұған дейін өткізілген науқанмен салыстырғанда, осы жолы дауыс берушілер саны 5 мыңға артқан. 

- Шаһарда Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу мен оны ұйымдастыру жұмыстары бірнеше рет пысықталды. Тәуелсіз байқаушылар таңнан бері ешқандай тәртіп бұзушылық болмады деп отыр. Сондай-ақ бұл жолы 2899 жас алғаш рет дауыс беру құқығына ие болды. 18-ге енді ғана толған жастар өз замандастарын белсенді болуға шақырады. Ал аға буын сайлауға жауапкершілікпен қарап, үлкен үміт күтеді.

Қалдыбай Есімбеков, қала тұрғыны:

- Әрине, әрбір азаматтың борышы ол дауыс беру. Мен енді биылғы сайланушылардан үлкен болашақ күтемін. Үлкен өзгеріс болады деп сенемін. Еліміздегі саяси жағдай мен экономикалық жағдайды жақсарту осы мынау бүгінгі сайланып отырған депутаттардан күтеміз.

 Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Бүгін шаһарда барлық қоғамдық көлік тегін қатынайды. Халықты ақпараттандыру жағы мен мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау бір жүйеге қойылған. Сондықтан дауыс берушілердің кешке сағат 20:00-ге өз таңдауын жасауына әлі де уақыт жеткілікті.