Сыртта жүрген отандастарымыз сайлауда белсенділік танытты

Сыртта жүрген отандастарымыз белсенділік танытып, өз таңдауын жасауда.

Ресей астанасында бір жарым мың сайлаушы тіркеуден өткен. Бұл елде ең соңғы болып Мәскеу мен Санкт Петербургтегі учаскелер жабылды. Ал Канада, Түркия, Марокко секілді батыстағы елдерде  дауыс беру әлі де жалғасып жатыр.  

Ресей аумағында дауыс беру аяқталды. Астана уақытымен сағат он бірде Мәскеу, Санкт-Петербург және Қазан қалаларындағы сайлау учаскелері жабылды. Осыған дейін Омбы мен Астрахан қалаларында дауыс беру аяқталған болатын. Арасындағы ең үлкені Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде орналасқан. Сайлаушылар дауыс беруге балаларын ертіп келген. Сыртта жүрген отандастарымыз сайлауды – туған жерімен байланыстыратын мереке ретінде қарастырады. 

Гүлден Төлеген, көп балалы ана:

- Біз Ресей Федерациясына оқу барысымен келіп қалған болатынбыз. Шетелде болсақ та, елімізде болып жатқан барлық ісшараларға қатысуға тырысамыз. Бүгін Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаттарының сайлауына келіп отырмыз. Өзіміздің азаматтық борышымызды өтеуді парыз деп білеміз. Менің ойымша тәрбие отбасыдан басталады. Балалар елде болып жатқан шараларға қатысуға міндетті. Ол патриоттық рухты тәрбиелейді. Балалардың Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелейді.

Түркиядағы Анкара, Ыстамбұл мен Анталия қалаларындағы сайлау учаскесінде азаматтардың басым бөлігі өз таңдауын жасады. Тіпті, елдегі ауа райының қолайсыздығы да сайлауға қатысуға кедергі болмады. Дауыс берушілердің дені Түрік университеттерінде оқитын студенттер, халықаралық ұйым өкілдері, дипломаттар мен туристер.

Бақытжан Омар, халықаралық түрксой ұйымының өкілі:

- Шетелде тұрып жатсақ та бүгінгі елімізде болып жатқан саяси науқанға белсенді түрде қатысып, өзіміздің таңдауымызды жасадық. Бүгінгі елшілікке келіп жатқанның көбісі жастар екен. Ол өте қуантады әрине. Бүгінгі беріп жатқан әрбір дауысы ол елімізде болып жатқан өзгерістерге оң әсерін тигізеді. Себебі, әрбір дауыс еліміздің болашағы. Халықтың болашағы.

Канадада тұрып жатқан отандастарымыздың да дауыс беруі жалғасуда. Дипломаттардың хабарлауынша, қазақстандықтар сайлауда жоғары белсенділік танытып жатыр. Азаматтық борышын өтеу үшін Канаданың шалғай аймақтарынан арнайы келгендер де бар. Дауыс берушілердің арасында әсіресе Канадада оқып жатқан студенттер көп. Оның ішінде Карлтон Университетінің бірінші курс студенті 18 жастағы Бейімбет Ұлан алғаш рет дауыс берді. Және ол бірнші  болып участікке келіп, бюллетень толтырды.

Мұрат Рүстемов, Канададағы сайлау учаскесінің төрағасы:

- Солтүстік Америкада ҚР Канададағы елшілігінде №279 учаскелік сайлау комиссиясы өз жұмысын жалғастыруда. Біздің азаматтарымыз белсенділік білдіруде және де қатысу деңгейі өте жоғары. Біздің ойымызға, бұл парламенттік сайлаудың Қазақстан үшін маңызы зор.

Марокко, Рабат

Африка құрлығында дауыс беру  учаскесінде жұмыс енді қыза түскендей. Марокконың Рабат қаласында орналасқан № 411 сайлау бөлімшесінде  20-дан астам адамның дауыс беруі жоспарланған.