Жетісулық зиялы қауым өкілдері дауыс берді
Жетісулық зиялы қауым өкілдері де бүгін өздері тіркелген сайлау учаскелеріне барып, дауыс берді.
Солардың бірі Талдықорған драма театрында жарты ғасырдан астам еңбек етіп келе жатқан ерлі-зайыпты Кендебай Темірбайұлы мен Алмахан Кенжебековалар. Бекзат өнер иелері бүгінде белгілі сахна саңлағы Бикен Римованың есімімен аталатын өнер ордасының іргетасын қаласып, шымылдығын түріп, ұзақ жылдар бойы халыққа қалтқысыз қызмет етуінің арқасында бірі «Парасат», бірі «Құрмет орденінің иегері атанды. Талдықорғандықтар өнер жолында жүрген бұл жұпты құрметтеп, өздеріне үлгі тұтады. «Бүгінгі сайлау еліміздің болашағын айқындайтын аса маңызды саяси науқан. Сондықтан халық бұл күні белсенді болуы керек» деп есептейді өнер иелері.
Алмахан Кенжебекова, ҚР халық артисі:
- Осы жолы халық толықтай сайлауға қатысуы керек деп ойлаймын. Өйткені ертең сайлау біткеннен кейін мынандай адамды сайлау керек еді, неге мынаны сайламадың деген сырттан сөз деген ол дұрыс емес үйде жатып алып. Ол үшін тікелей өзі атсалысуы керек.
Кендебай Темірбайұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Жалпы сайлау деген мерекелік тұрғыда өтуі керек. Кәдімгі халықтың болашағы, тағдыры шешілетін сын сағатында сайлауға түскенде елдің қамын ойлайтын, тағдырына жаны ашитын, танымал, белгілі, сөз қадірін түсінетін, ой қадірін түсінетін, ісімен көрінген азаматтар түсуі керек деп ойлаймын.