Қазақстан мен Сингапурдың дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толды
Биыл Қазақстан мен Сингапур арасындағы алыс -беріс арта түседі деп күтілуде.
Осылайша қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық жанданып келеді. Ынтымақтастық демекші, осыдан 30 жыл бұрын 30 наурызда елдеріміз арасында дипломатиялық байланыс орнаған еді. Айтулы күн мен Наурыз мейрамына орай қала-мемлекетінде салтанатты шара өтті.
Ақкенже Бимырзаева Сингапурдағы ең атақты пианистердің бірі. Халықаралық байқаулардың лауреаты Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіргеннен кейін арал мемлекетіне музыкадан сабақ беруге шақыртылды. Ақкенже ел үмітін ақтады. Бүгінде оның шәкірттері халыққа кеңінен танымал.
Биыл Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл. Бүгінде екі ел арасындағы алыс -беріс артып келеді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 1 миллиард 900 миллион долларды құрап рекордтық деңгейге жетті.
Зулкифли Бахарудин, Сингапурдың Қазақстандағы елшісі:
- Наурыз Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия үшін өте маңызды оқиға екенін білемін. Сингапурдың бұл халықтардан үйренері көп. Өз елімнің Қазақстандағы елшісі ретінде мен көптеген қазақстандықтарды кездестіргеніме қуаныштымын. Маған ерекше ұнағаны, әр отбасы жаңа піскен бауырсақ пен басқа тағамдарды әкеліп, бірге тамақтанады. Қазақстанда тойлайтындай би билеп, ән шырқайды.
Отандасымыз Олжас Жиенқұл бүгінде Сингапурды бағындыруда. Оның құрған компаниясы мұнда өте танымал. Коронавирус пен геосаяси жағдайдың шиеленісуі Олжасты бизнес стратегиясын өзгертуге итермеледі. Қазір ол цифрлық инвестициялық платформаны жасақтап, цифрлық инвестициялық банк құрып жатыр. Жерлесіміз шетелде жүрсе де ұлттық салт-дәстүрді ұмытқан емес. Орайы келгенде халқымызды әз-Наурызбен құттықтап, ақ жарма тілегін жеткізді.
Олжас Жиенқұл, PALADIGM CAPITAL компаниясының басқарма басшысы:
- Наурыз құтты болсын. Ақ мол болсын! төрт түгел болсын Әрқашан жақсылықта кездесейік. Шанырағынызға нұр жаусын!
Биыл Қазақстан мен Сингапур арасындағы сауда-саттық жаңа рекордтық көрсеткішке жетеді деп күтілуде. Бұған былтыр құрылған екі ел арасындағы іскерлік кеңес пен жоғары деңгейдегі келіссөздер ықпал етеді деген жоспар бар.
Владислав Цой, Ольга Лян, Меруерт Жапарова