Қ. Тоқаев: Орта білім деңгейін арттыру қажет
Қазақстанның басты байлығы – адам. Президент адам капиталының сапасын барынша арттырудың маңызына тоқталды. «Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет» - , деді Мемлекет басшысы.
Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға арналған инвестиция көлемін едәуір көбейткен. Нәтижесінде балабақша тапшылығы біртіндеп азайды. Өңірлерде мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісінің жанданғанын айта кетті. «Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс.