Ерлан Қошанов Мәжіліс төрағасы болды

Парламент Мәжілісінің Төрағасы лауазымына Ерлан Қошанов қайта ұсынылып, сайланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның кандидатурасын депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов ұсынды. Кейін халық қалаулылары қағаз бюллетен арқылы жасырын дауыс берді. Бұл рәсім үшін есеп комиссиясы құрылды. Кабиналар жабдықталып, ашық сайлау жәшігі орнатылды. Нәтижесінде Мәжілісмендер ұсынылған кандидатураны бірауыздан қолдады.

Төменгі палата төрағасының орынбасарлары болып  депутат Альберт Рау мен Дания Еспаева тағайындалды. Ерлан Қошанов депутаттық корпусқа сенім білдіргені үшін алғысын білдірді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бұл сенім мен үшін үлкен мәртебе, сондай-ақ халқымыздың алдында зор жауапкершілік. Сондықтан палата депутаттарымен бірге сайлаушылардың аманатын, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру үшін тәжірибемді, бар күш-жігерімді саламын деп уәде беремін. Бұл тұрғыда жүктелген міндеттерді сапалы әрі тез арада іске асыру біздің ортақ жұмысымыз. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, бізге халықтың сенімі бар. Атап айтқанда, халықтың сенімін барлығымыз абыроймен атқарайық.